Жаңалықтар

«Ауыл» партиясы сайлауалды штаб жұмысын қорытындылады

Бүгін «Ауыл» партиясының республикалық сайлауалды штабында қорытынды жиын өтті. Онда үгіт-насихат кезеңінде атқарылған жұмыстар сараланып, 2026 жылдың 23 тамызында өтетін Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық барысы талқыланды.

Жиынға Құрылтай депутаттығына кандидаттар, партияның жастар қанатының өкілдері және сайлауалды штаб мүшелері қатысты. Сондай-ақ, барлық 20 өңіріндегі штаб белсенділері отырысқа онлайн қосылды.

Жиынды ашқан «Ауыл» партиясының төрағасы, республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі Қайрат Айтуғанов науқан барысында партия үшін ең маңыздысы сайлаушылармен тікелей кездесіп, сайлауалды бағдарламаның мәні мен негізгі бағыттарын түсіндіру болғанын атап өтті.

Үгіт кезеңінде ел аумағында 4 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылды. Партия кандидаттары мен белсенділері қала мен ауыл тұрғындарымен, еңбек ұжымдарымен, фермерлермен, кәсіпкерлермен және жастармен кездесті. Қайрат Айтуғанов сайлау науқаны аясында 10 өңірді аралады.

«Кездесулерде сайлауалды бағдарламамызды таныстырумен ғана шектелген жоқпыз. Елді не толғандыратынын халықтың өз аузынан естіп, көтерілген мәселелерді бірге талқыладық. Өңірлерде айтылған ұсыныстар мен өтініштер партияның алдағы жұмысына арқау болады», — деді Қайрат Айтуғанов.

Науқанды ақпараттық қолдау жұмысы да қатар жүрді. Үгіт кезеңінде 700 мыңнан астам баспа өнімі таратылып, партия материалдары ел бойынша 400-ден астам билборд пен LED-экранға орналастырылды. Кандидаттардың сайлаушылармен кездесулері мен бағдарламаның негізгі бастамалары бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде тұрақты жарияланып отырды.

«Ауыл» өкілдері 4 теледебатқа қатысып, өңірлердің дамуы, ауыл шаруашылығы, экономика, әлеуметтік сала мен білім беру мәселелеріне қатысты партия ұстанымын таныстырды.

Жиында партия төрағасының орынбасары, аппарат басшысы Шахмардан Байманов 2026 жылдың 23 тамызында, яғни, дауыс беру күні штабтардың жұмысын қалай үйлестіру керектігіне тоқталып, алда тұрған негізгі міндеттерді белгіледі.

Өңірлердегі науқанның қорытындысы туралы Жамбыл облыстық штабының жетекшісі Сұлушаш Құрманбекова, Шымкент қалалық штабының жетекшісі Талғат Айтбаев және Батыс Қазақстан облыстық штабының жетекшісі Темірғали Ескендіров баяндады. Олар жергілікті жерлерде өткен кездесулерге тоқталып, сайлаушылар жиі көтерген мәселелерді ортаға салды.

Жиынды қорытындылаған Қайрат Айтуғанов республикалық және өңірлік штабтардың қызметкерлеріне, кандидаттар мен партия белсенділеріне атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.

«Ендігі назар — дауыс беру күнінде. Барлық штаб пен жауапты қызметкерлер бірлесе, үйлесімді жұмыс істеп, заң талаптарын қатаң сақтауы қажет», — деді партия төрағасы.

Ол сондай-ақ өңірлердегі кездесулерде айтылған ұсыныстар мен өтініштер сайлау науқаны аяқталған соң да назардан тыс қалмайтынын атап өтті.

Жиын соңында үгіт-насихат жұмысы аяқталғаны жарияланып, республикалық сайлауалды штаб ресми түрде жұмысын тоқтатты.

Шығарған ұйым: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі
Тапсырыс беруші: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігі
Төленді: «Ауыл» партиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің сайлау қорының қаражаты есебінен.