Жаңалықтар

Ғылым академигі Алтынбек Нухұлы Марғұлан университетін басқаратын болды

Марғұлан университетінің тізгінін ғылым докторы әрі Ұлттық ғылым академиясының академигі Алтынбек Нухұлы ұстады. Жаңа ректорды университет ұжымына таныстыру рәсіміне Ғылым және жоғары білім вице-министрі қатысты, деп хабарлайды Saraptime.kz

Марғұлан университетінде жаңа Басқарма Төрағасы – ректордың таныстырылымы өтті. Оқу орнының басшылығына Алтынбек Нухұлы тағайындалды.

Ол химия ғылымдарының докторы, профессор және ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі. Бұған дейін ғылым, жоғары білім және мемлекеттік басқару салаларында еңбек еткен. Сондай-ақ Сенат депутаты ретінде Парламенттің үш шақырылымына қатысқан.

Жаңа басшылық университеттің білім беру және ғылыми бағыттарын дамытуға ерекше назар аудармақ. Алдағы кезеңде педагогикалық білім берудің мазмұнын жаңарту, болашақ мамандардың кәсіби дағдыларын тәжірибе арқылы қалыптастыру және ғылыми зерттеулердің ауқымын кеңейту жоспарланған.

Университеттің даму жоспарында цифрлық технологияларға да маңызды орын берілген. Соның ішінде жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісіне енгізу және цифрландыруды одан әрі дамыту көзделіп отыр.