Жаңалықтар

RWS KZ мен Deutsche Bahn теміржол дөңгелектерін жеткізу бойынша ынтымақтастық орнатады

Қазақстандық теміржол дөңгелектері Еуропа нарығына шығуға дайындалып жатыр. RWS KZ холдингі мен оның құрамындағы RWS Prommashkomplekt Германияның Deutsche Bahn компаниясымен өзара түсіністік туралы келісімге қол қойды.

Құжат қазақстандық өндірістің тұтас илемделген теміржол дөңгелектерін Еуропа нарығына жеткізуге дайындауды көздейді.

Келесі кезеңде BA 318 және жүк әрі жолаушылар жылжымалы құрамына арналған BA 319 дөңгелектерін сертификаттау жоспарланған.

Өнімді жеткізуге рұқсат алу үшін өндірушінің біліктілігін растау рәсімінен өту қажет. Ол өндіріс орнына аудит жүргізуді, сондай-ақ Deutsche Bahn талаптары мен еуропалық стандарттарға сәйкес біліктілік және пайдалану сынақтарын қамтиды.

Қазақстандық дөңгелектер Еуропа нарығына дайындалуда

RWS KZ Еуропаның теміржол нарығына арналған тұтас илемделген дөңгелектер өндірісін дамытып жатыр. Өнім қатарында диаметрі 920 мм болатын BA 303, BA 004, BA 318 және BA 319 үлгілері бар.

Кәсіпорын жүк және жолаушылар жылжымалы құрамына қойылатын еуропалық талаптарға сәйкес TSI WAG сертификаттау рәсімінен де өтіп жатыр. Қазіргі уақытта BA 303 және BA 004 дөңгелектеріне Еуропалық Одақ талаптарына сәйкестік сертификатын алу үшін сынақтар аяқталуға жақын.

Сынақтар аккредиттелген зертханаларда арнайы стендтерде жүргізіледі. Оның ішінде өнімнің термомеханикалық және шаршау жүктемелеріне төзімділігі тексеріледі. Бұл сынақтар дөңгелектердің пайдалану жағдайындағы сенімділігі мен беріктігін бағалауға мүмкіндік береді.

Сертификаттау және біліктілікті растау рәсімдері аяқталғаннан кейін тараптар нақты тапсырыстарды, соның ішінде техникалық талаптарды, өндіріс пен жеткізу көлемін және мерзімдерін талқылауға кірісе алады.

RWS KZ холдингінің бас директоры Сергей Павлингердің айтуынша, ЕО талаптарына сәйкестік сертификаттарын алу компанияға Еуропа нарығына шығып, алғашқы коммерциялық келісімшарттарды жасасуға мүмкіндік береді.

«Қазір кәсіпорын әлеуетті еуропалық серіктестермен келіссөздер жүргізіп, техникалық ақпарат бойынша сұраныстар алып жатыр», – деді ол.

Алғашқы кезеңде жүк және жолаушылар теміржол жылжымалы құрамына арналған дөңгелектер жеткізу жоспарланып отыр. Кейін өнім түрлерінің қатары Еуропа нарығының қажеттіліктері мен әлеуетті тапсырыс берушілердің сұранысына қарай кеңеюі мүмкін.

Өндірісті жергіліктендіру жоспарлануда

Дөңгелектерді өндіру кезінде RWS KZ заманауи термиялық өңдеу технологиялары мен жоғары дәлдіктегі толық профильді механикалық өңдеуді қолданады.

Қазіргі уақытта өндіріс шикізаты шетелдік жеткізушілерден алынады. Компанияның мәліметінше, Екібастұздағы электрметаллургиялық зауыт құрылысы аяқталғаннан кейін холдинг өз шикізатын пайдаланып, өндірісті жергіліктендіре алады.

RWS KZ кәсіпорындарының өндірістік қуаты жылына 300 мыңға дейін тұтас илемделген теміржол дөңгелегін шығаруға мүмкіндік береді.