Жаңалықтар

⁠«Келешек» бағдарламасына қатысты жаңа ұсыныс айтылды

«Ұлттық қор – балаларға» және «Келешек» бағдарламаларын бір жүйеге біріктіріп, бала 18 жасқа толғанға дейін 14 млн теңгеге дейін капитал қалыптастыру ұсынылды.Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі, Қазақстан эндаумент-қорлары ұлттық қауымдастығының төрағасы Фархад Куангановтың мақаласына сілтеме жасап хабарлайды.
 

Автордың пікірінше, қазіргі таңда екі бағдарлама да баланың болашағына қаржы жинауға бағытталғанымен, олардың тетіктері бөлек жұмыс істейді. Осыған байланысты оларды біртұтас балалар капиталы жүйесіне біріктіру мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша 18 жасқа дейінгі қазақстандық балаларға Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігі жыл сайын есептеледі. 2026 жылы бір балаға 130,71 АҚШ доллары аударылды.

Ал автор ұсынған модельде «Келешек» бағдарламасымен біріктіру үшін үшінші және одан кейінгі бала дүниеге келген кезде оған 150 АЕК көлемінде бастапқы капитал бөлу ұсынылады. Бұл қаражат бес жасқа дейін инвестицияланып, кейін «Келешек» жүйесіндегі бастапқы жарна ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Ұсыныс бойынша бірінші және екінші балаларға да, егер олар 18 жасқа толмаған болса, дәл осындай капитал есептеледі. Одан әрі ата-аналардың жарналары, мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс қосылады.

Автордың есептеуінше, осындай модель жүзеге асса, баланың 18 жасқа дейінгі жинағы 14 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Куанганов бұл тәсіл мемлекеттік шығындарды да оңтайландыруы ықтимал деп есептейді. Оның пайымдауынша, қаржыны барлық балаға жыл сайын шағын көлемде бөлудің орнына, бастапқы капиталды белгілі бір кезеңде шоғырландырып беру ұзақ мерзімді жинақтың көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына 2026 жылы 6,9 млн-нан астам бала қатысты. Бағдарлама іске қосылғаннан бері оған үш жыл қатарынан қатысқан балаға инвестициялық кірісті қоса есептегенде $370,56 жинақталған.

Ұсыныс авторы мұндай біріктірілген жүйе балалардың білім алуына және болашақтағы тұрғын үй мәселесін шешуге арналған ұзақ мерзімді капитал қалыптастыруға бағытталуы мүмкін екенін атап өтті.