Жаңалықтар

Қазақстанның білім беру әлеуеті артып келеді: Астанада халықаралық серіктестер форумы өтті

Астанада Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумында Қазақстанның ғылыми-білім беру саласындағы жетістіктері мен халықаралық ынтымақтастықты кеңейту жолдары талқыланды. Іс-шара Alageum Electric компаниялар тобының қолдауымен ұйымдастырылды.

18 қарашада елордада өткен халықаралық форумға қазақстандық және шетелдік университеттердің, ғылыми ұйымдардың, мемлекеттік органдар мен өндірістік сектордың 400-ден астам өкілі жиналды.

Жиынның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның халықаралық академиялық кеңістіктегі позициясын нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.

Бүгінде елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының 33 филиалы жұмыс істейді. Қазақстан университеттерінде 41 мыңға жуық шетелдік студент білім алады. Сонымен қатар халықаралық университеттермен бірлескен білім беру бағдарламалары, академиялық алмасу және ғылыми жобалар жүзеге асырылуда.

Форумда цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. «AI-Sana» бағдарламасы аясында 706 мың сертификат берілген. Ғылым саласында 241 ғылыми әзірлеме нарыққа шығарылып, 29 жоба бойынша өнім экспортталып жатыр. Нәтижесінде 2,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылған.

Бағдарлама аясында трансұлттық білім беру, шетелдік университеттер филиалдарының қызметі және халықаралық білім беру платформаларының мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ Coursera Qazaqstan жобасына еліміздің 100 жоғары оқу орны қатысатыны, 171 курстың қазақ және орыс тілдеріне аударылғаны айтылды.

Форумның өтуіне «Ғылым және білім эндаумент-қоры» корпоративтік нысаналы капитал қоры мен Alageum Electric компаниялар тобы қолдау көрсетті. Мұндай бастамалар білім беру ұйымдары, ғылыми қауымдастық және бизнес арасындағы байланысты нығайтып, Қазақстанның өңірлік ғылыми-білім беру орталығы ретіндегі әлеуетін арттыруға бағытталған.