Ақтөбеде конституциялық реформалар жағдайындағы мәслихаттардың рөлі талқыланды
Ақтөбе қаласында конституциялық реформалар аясында жергілікті өкілді билік органдарының міндеттері мен даму перспективаларына арналған сарапшылар кездесуі өтті. Жиын С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада ұйымдастырылды.
Басқосудың басты мақсаты – саяси жаңғыру жағдайында мәслихаттардың рөлін арттыру, олардың өкілеттіктерін жетілдіру және жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін талқылау.
Кездесуге Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, саясаттанушылар, заңгерлер, жоғары оқу орындарының оқытушылары, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Талқылау барысында конституциялық өзгерістердің өңірлік басқаруға ықпалы, мәслихаттардың құзыретін кеңейту, жергілікті халықтың мүддесін қорғау және билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайту мәселелері көтерілді.
Сарапшылар алдағы мәслихат сайлауының саяси маңызына да назар аударды. Соңғы 23 жылда алғаш рет жергілікті өкілді органдардың сайлауы парламенттік науқаннан бөлек өткізілмек. Бұл өңірлік мәселелерге басымдық беріп, тұрғындардың жергілікті шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігін арттырады.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров конституциялық реформалардың мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл үдерісте мәслихаттардың жауапкершілігін арттыру және халықпен өзара байланысты күшейту ерекше рөл атқарады.
Жиында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сағынғазы Құрманалин тұрғын үйді заңдастыру мәселесіне тоқталып, оны реттеу тетіктерін жетілдіру қажеттігін айтты. Ал Атырау университетінің оқытушысы Сайпулла Сапанов батыс өңірлер сарапшыларының басқосуын Ақтөбеде тұрақты өткізу туралы ұсыныс білдірді.
Сондай-ақ университет ғалымдары мен қоғамдық ұйым өкілдері мәслихат депутаттарының жауапкершілігі, өңірлік мүдделерді қорғау және азаматтық қоғамның басқару үдерісіне қатысуы жөнінде пікір алмасты.
Бір палаталы Құрылтай жағдайында мәслихаттардың өңірлік мүдделерді білдірудегі орны, жергілікті бюджет шығыстарының ашықтығы, мемлекеттік органдардың халық алдындағы есептілігі де талқылаудың маңызды тақырыптарына айналды. Бұдан бөлек, жастардың өкілді билік жұмысына араласуы және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жергілікті деңгейде жүзеге асыру мәселелері қарастырылды.
Кездесу қорытындысында жергілікті өкілді органдардың жұмысын жетілдіру, азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастықты дамыту және өңірлік басқарудың тиімділігін арттыру бойынша бірқатар ұсыныс айтылды.