Жарияланымдар

Түркістандағы ерекше жәдігерлер: гигиеналық тіс, құлақ тазалағыштар

Келесі  кеуде әшекейі, тіс құлақ тазалағыш.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының қорында 20 мыңнан аса заттай мұрағаттар мемлекеттік есепке алынған болса, оның этнография бөлімінде 2392 жәдігер, оның ішінде тек зергерлік қолөнер бұйымдарының өзі 1231 дана. Этнография бөліміндегі қазақтың қолөнер туындыларынан әсіресе зергерлік бұйымдардың ішінен белдіктер, қапсырмалар, таналар, түймелер, алқалар, бойтұмарлар, жүзіктер, шашбаулар, сырғалар, шекеліктер білезіктер және тіс-құлақ тазалағыш күміс әшекейлердің бірін-бірі қайталамайтын бірнеше түрлері кездеседі.

Мұражай қорындағы халқымыздың рухани байлығы көне құнды жәдігерлерімізді халық игілігіне ұсынып, ғылыми айналымға ендіру мақсатында оларды зерттеу, зерделеу жұмыстары атқарылуда. Осы жұмыстардың нәтижесі ретінде мұражай қорының этнография тобынан, қазақтың зергерлік қолөнер туындыларының ішінен  ХIХ-ХХ ғасырларда жасалған сексеннен аса түрлері кездесетін білезіктер коллекциясынан «Білезіктер» атты ақпараттық танымдық  альбом каталог дайындалды. Ғылыми-ақпараттық кітапша «Ясауи әлемі» айдарымен жарыққа шықты. Қор жәдігерлерін насихаттау бағытындағы мұндай жұмыстар өз сабақтастығын одан әрі жалғастыра бермек.

Мұражай қорында қазақ ұсталары мен зергерлері соғып қалдырған ескі күміс бұйымдардың бірнеше түрлері кездеседі. Ата-бабаларымыздың ұрпақтарына қалдырған дәулет қазынасы, халқымыздың өзіне тән сән-салтанатын паш ететін асыл мұрасы. Қазақ халқының күмістен жасалған зергерлік әшекей бұйымдарын былай қойғанда көшіп-қонған дәулетті отбасыларының күміс қасық, күміс самаурын, күміс табақ қолданғанын, қазақтың «Күміс құман-ай, отта тұрған-ай» деп салған әнінен-ақ байқауға болады. Бұрынғы әр қазақтың отбасында қазан көтеріп, ас дайындаған кез-келген әйелдің қолында күміс сақинасы немесе жүзігі болмаса, оның қолынан ас ішпейтін болған. Өйткені күмістің өте күшті табиғи антисептикалық қасиетін, жұқпалы аурулардың алдын алуда пайдасы зор екендігін қазақ халқы ертеден-ақ білген. Қазіргі кезде ғалымдар күміс сумен әркеттескенде иондалып, оның құрамында ұзақ сақталатынын, күміс қосылған су ағзадағы көптеген зиянды микроағзаларды жоятынын дәлелдеп, бұрын ауруға қарсы дәрілер (антибиотиктер) өндірілгенге дейін күмісті ем ретінде жиі пайдаланып келгендігін, кейін дәрілер пайда болысымен ол ысырыла бастағанын дәлелдеп отыр. Күмістің адам ағзасына емдік қасиеті ерекше екені медицинада да дәлелденіп күйдіруге, микробтарды өлтіруге де күміс приборлар пайдаланылады. Күмістің 500-600 түрлі бактерияны жоятын қасиеті бар. Мысалы жаугершілік заманда, соғыстағы батырлар қандай да бір суды ішуге қауіптенетін болса, қолдарындағы күміс жүзікті немесе күміс саймандарын салып, тазартып, сосын барып уланамыз деп еш күдіктенбей іше бергендігі тарихтан белгілі.

Сондықтан халқымыз күміс әшекейлерді тек әдемі әшекей ретінде емес, денсаулыққа пайдалы жағында көбірек ескеріп тұтынған. Мұражай қорында күмістен жасалған сондай зергерлік қолөнер туындыларының ішіндегі құнды жәдігерлердің бірі және ерекше түрі- зергерлік гигиеналық тіс, құлақ тазалағыш әшекейлері.

Тіс, құлақ тазалағыштар алғашқыда қарапайым етіп жасалып қалтаға салып жүруге арналса, кейін келе тіс шұқығыштың әйелге және ерлерге арналған түрлері шыға бастаған. Әйелдерге арналған тіс шұқығыштарға бірдей үлгіде дайындалған құлақ тазалағыштарды біріктіріп бір жиынтық етіп кеудеге тағатындықтан кеуде әшекейлерінің қатарына жатады. Бұлар әр отбасының дәулетіне, мырзалығына, әр адамның талғамына сай жасалынған. Әсіресе әйелдерге арналған тіс шұқығыштарға көз қондырылып, үзбеленіп, сіркелі өрнектермен безендіріліп жасалған. Ал ерлерге арналған тіс шұқығыштар қарапайымдау етіп дайындалған да, көбінде қалтаға салып жүруге арналған. Осындай зергерлік күміс-тіс, құлақ тазалағыш әшекей бұйымдарының музей қорында бірнеше үлгісі сақталуда. Соның бірі Акт № 5. 06.03.2002, Инв 333, КК № 1841 құрамы –күміс, сынамы-500, өлшемі, 1-25. Кеуде әшекейі-біріншіден әшекей қызметін атқарса, екіншіден гигиеналық тіс, құлақ тазалағыш зат қызметін атқарады, үшіншіден тұмар қызметін атқарады, өйткені кеуде әшекейінің жоғарғы бөлігі үшбұрышты тұмар пішінді болып келіп ортасына ұя қондырылып жасыл түсті көз отырғызылған, төмен қарай шынжыр арқылы жапырақ пішінді салпыншақ әшекейлер ілініп, ортасына жасыл түсті көз орнатылған тіс тазалағыш және  қызыл түсті көз орнатылған  құлақ тазалағыштар ілінген. Бұрынғы кезде адамдар әшекейге бір түсті тастарды пайдаланғанда әдемі деп санаған, ал екінші бір түсті пайдаланғанда яғни бір әшекейге түрлі-түсті көздерді пайдаланғанда қорғаныштық қызмет аттқарады, суық көздерді өзіне тартады деп есептеген.

Келесі  кеуде әшекейі, тіс құлақ тазалағыш Акт № 20. 07.05.2004, Инв №1031, КК № 2481/1,2 құрамы -күміс, сынамы-600, өлшемі-10,7-2,5. Кеуде әшекейі құйма, жоғарғы жағы тамшы пішінді, ортасы жүрек пішінді, ұшы созылып келіп ұшы тіс шұқығыш болып біткен. Тіс шұқығыштың ұшы жатық та жіңішке келген, құлақ тазалағыштың ұшы доғал да дөңгелене соғылған. Тамшы және жүрек пішінді бөлігі дөңестеліп өсімдік өрнегімен өрнектелген. Тіс, құлақ тазалағыштың бұл түрі қарапайымдау жасалған.

Қорыта келгенде қазақ халқы нағыз дамыған мәдениеттің үлгісін, жеке бастың гигиенасы дегенді, әр адамның тіс, құлақ тазалайтын құралдары болуымен-ақ дәлелдеген және мұндай құралдардың күмістен жасалғандығы халқымыздың бекзат болмысын көрсетсе керек.

    

Н.ӘШІРБЕКОВА,

                                                                                            «Әзірет-Сұлтан» қорық-музейі

                                                                                              Бас қор сақтаушысы

Басқа жаңалықтар

Back to top button