Түркістан облысында тұрғын үй бағасы мен құрылыс материалдарының қымбаттауы талқыланды
Тұрғын үй және құрылыс материалдарының қымбаттауына жол берілмейді. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 26 қаңтардағы кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша «Тұрғын үй нарығындағы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу» туралы Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен арнайы жиналыс өтті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтің төрағалығымен жергілікті атқарушы органдар, құрылыс материалдарын өндірушілер, құрылыс компанияларының басшылары бас қосты.
Жиналыста Мейіржан Мырзалиев Түркістан облысында құрылыс қарқынды жүріп жатқанын және құрылыс материалдарына бағаның өсуі, тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың соңғы тұтынушыға аса қымбат болуына жол берілмейтінін айтты. Сондықтан да баға тұрақтандырылмақ. Облыс аумағында құрылыс индустриясы бойынша 50-ден аса кәсіпорын жұмыс атқарады. Өткен жылдың қаңтар-ақпан айында облыста 21,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 137,9%-ға өскен. Өңдеу өнеркәсібіндегі құрылыс саласының үлесі 8%-дан астамын құрайды.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Данабек Махатов қазіргі нарықтағы құрылыс материалдарының негізсіз қымбаттауы бойынша құрылыс өнімдерін өндіретін кәсіпорын жетекшілеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Мәжіліс барысында, құрылыс материалдарының негізсіз өсу себептері талқыланды. Мәжіліс қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары М.Мырзалиев Елбасының «Түркістан қаласын көркейту», Мемлекет Басшысының «Тұрғын үй нарығындағы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу» тапсырмаларын орындау мақсатында жергілікті атқарушы органдарға құрылыс материалдарының бағаларын қадағалауға, жедел жұмыс тобын құруды, құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындарға мониторинг жұмыстарын 1 апта мерзімде жүргізуді тапсырды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі