Парасатты тұлға “Ашық микрофон” алаңында пайымды пікірін ортаға салды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған “Түркістан – Адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен Мемлекет басшысының “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасына көшу тапсырмасын жүзеге асыру және халықпен кері байланысты нығайту мақсатында облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы, облыстық мәслихат депутаты Амалбек Өміртаймен “Ашық микрофон” алаңында келелі кездесу өткізілді.
Еркін форматта өрбіген шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мен Түркістан қаласының “Visit Centre” туристерге қызмет көрсету орталығының директоры Ерасыл Төлебаев, “Түркістан – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің менеджерлері мен облыстық Жастар ресурстық орталығының мамандары, белгілі блогерлер мен өңірдің бір топ белсенді жастары қатысты.
Ашық сұқбат алаңында Амалбек Дәркенұлы сан саладан қойылған көкейтесті сауалдарға толымды жауап беріп, өзінің өнегелі өмір жолынан мардымды мысалдар келтірді.
Басқосуда ел жолында еселі еңбек етуді бала кезден көксеген кейіпкер мен бүгінде бүтін бір облыстың жастарын игі іске жұмылдырған іскер басшының жұрт білмейтін оқиғалары мен қабілеттері ортаға салынып, талай жастың ой-түйсігіне парасатты болмыстың дәні егілді.
Сондай-ақ, басшылыққа келген жас азаматтың жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа деген айқын көзқарасы сөз болып, жиынға қатысушылардың өткір ойлары мен пайымды пікірлері өзара талқыға түсті.
Айта кетсек, алдағы уақытта Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінен бастау алған бұл игі жоба тұрақты негізде ұйымдастырылып, өз аудиториясына парасатты тұлғалармен жүргізілген сүбелі сұқбаттар легін ұсынатын болады.