Кезекті “Ашық микрофон” алаңында тұрғын үй бойынша толымды ақпарат берілді
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған “Түркістан – Адалдық алаңы” жобалық кеңсесінің кезекті рет ұйымдастыруымен Мемлекет басшысының “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасына көшу тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында Түркістан қалалық “Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй испекция” бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әбутәліп Асанов “Ашық микрофон” алаңында өзінің толымды ақпараттарымен ой бөлісті.
Жалындаған жастармен жүздескен Әбутәліп Сейденбекұлы ашық сұқбат алаңында жас облыс мәртебесін алған Түркістан қаласындағы жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер бойынша тұщымды ақпараттарын жеткізіп, баспана алудың оңтайлы жолдарын ортаға салды.
Сондай-ақ, бағдарлама кейіпкері сан саладан қойылған көкейтесті сауалдарға толымды жауап беріп, өзінің өнегелі өмір жолынан мардымды мысалдар келтірді.
Сондай-ақ, басшылыққа келген арда азаматтың жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа деген айқын көзқарасы сөз болып, жиынға қатысушылардың өткір ойлары мен пайымды пікірлері өзара талқыға түсті.
Айта кетсек, алдағы уақытта Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінен бастау алған бұл игі жоба тұрақты негізде ұйымдастырылып, өз аудиториясына парасатты тұлғалармен жүргізілген сүбелі сұқбаттар легін ұсынып келеді.