2026 жылы әскерге шақыру тәртібінде не өзгерді?
Жаңа өзгерістер цифрландыруға, шақырылушыларды алдын ала тексеруге, сондай-ақ әскерге шақыру ісіне полицияны жұмылдыруға қатысты,- деп хабарлайды saraptime.kz
Биылдан бастап азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидалары жаңарды. Үкімет тиісті қаулыға 2025 жылғы 31 желтоқсанда қол қойды. Енді әскерге шақыру науқаны қалай өтеді?
Әскерге кім шақырылады?
Әскерге. 18-27 жастағы ер азаматтар шақырылады. Соның ішінде:
• мектеп түлектері;
• колледж түлектері;
• бакалаврлар;
• магистрлер.
Жаңа заң “білім берудің әр деңгейіне – бір ғана кейінге қалдыру” қағидатын енгізді. Яғни диплом қорғаған сәттен бастап әскерге шақыруды кейінге қалдыру күші бірден жойылуы мүмкін.
Әскерге шақырылған азаматтар қалай іріктеледі?
Енді әскери комиссариаттар әскерге шақыру науқанының басталуын күтпей-ақ, азаматтардың деректерін алдын ала талдайтын болады. Көктемгі шақыруға жататын азаматтардың құжаттары екі кезеңге бөліп:
10 қаңтардан 28 ақпанға дейін және 10 шілдеден 28 тамызға дейін қорғаныс істері басқармаларында;
1 наурыздан 30 маусымға дейін және 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін жиын пунктінде қаралады.
Олар нені тексереді?
Алдын ала тексеру кезінде әскери комиссариаттың лауазымды тұлғалары әскери бөлімдердің өкілімен бірлесіп, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен шақырылушы туралы толық дерекқор (досье) жинайды. Онда шақырылушының:
• жұмыс (оқу) орны туралы;
• білімінің бар-жоғы туралы;
• отбасы құрамы туралы;
• жүргізуші куәлігінің бар-жоғы туралы;
• Қазақстан Республикасының аумағында болуы туралы;
• қылмыстық құқық бұзушылық жасаған-жасамағаны туралы мәліметтері жинақталады.
Осылайша, іріктеп алынған әскерге шақырылушылардың тізімі 28 ақпанға және 28 тамызға қарай қорғаныс істері департаментіне жіберіледі.



