Конституция

Жаңа Конституция: Қарағандыда қолдаушылар бас қосты

Қарағанды облысының сарапшылары мен жастар ұйымдарының жетекшілері Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасын талқылап, оны қабылдауды қолдайтындарын білдірді,- деп хабарлайды saraptime.kz

Жиынға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Конституциялық комиссия мүшелері Нұркен Кобжанов пен Бекзат Алтынбеков қатысты.
Өз сөзінде өңір басшысы жаңа Конституцияны қабылдау — тек құқықтық құжатты жаңарту емес, технологиялық революция жағдайында мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам екенін атап өтті.

— Жаңа Конституцияны қабылдау бойынша бүкілхалықтық референдум өткізу — маңызды әрі тарихи шешім. Бұл жекелеген нормаларды түзету ғана емес, заманауи сын-қатерлерге жауап беретін мемлекеттік құрылымның жаңартылған моделін қалыптастыру. Біз бұл шешімге ауқымды саяси реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыра отырып келдік. Жаңа Конституция бірлік, әділдік және заң үстемдігі қағидаттарын сақтай отырып, жеке тұлғаны қорғауды күшейтеді — кінәсіздік презумпциясын, жеке бостандықтарды және адвокаттың рөлін нақты бекітеді. Бүгін біз болашақ өміріміздің негізін айқындап отырмыз, сондықтан дұрыс таңдау жасау маңызды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі 2019 жылдан бастау алған және қоғамдық, мемлекеттік әрі экономикалық жүйені жаңғыртуға бағытталған реформалардың хронологиясына тоқталып, олардың заңды жалғасы ретінде жаңа Конституция ұсынылып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар реформаларды жүзеге асырудағы және Қазақстанның болашағын қалыптастырудағы жастардың рөліне ерекше мән берді.
Конституциялық комиссия мүшелері Нұркен Кобжанов пен Бекзат Алтынбеков комиссия құрамындағы жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, конституциялық реформаны әзірлеу барысында қоғамдық қатысудың маңызын атап өтті.
«Талдау Қарағанды» өңірлік аналитика мектебінің қатысушысы Асылжан Төлегенов экологиялық қағидаттарды конституциялық деңгейде бекітудің маңыздылығына тоқталды.

— Жаңа Конституция жобасында экологиялық мәселелер орнықты даму қағидаттары арқылы көрініс тапқан. Мұнда «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының логикалық жалғастығы байқалады. Экология — бұл тек жекелеген экологиялық заңнама мәселелері емес, қоршаған орта мен табиғи ресурстарға деген көзқарасымыз. Жобаны әзірлеу барысында қоғам тарапынан жоғары белсенділік болды. Бұл құжатты біз, қазақстандықтар, өзіміз үшін жаздық, – деді Асылжан Төлегенов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button