Жаңалықтар

Балмұздақ бумы: экспорт 5,7 есеге өсті

Өткен жылы Қазақстан балмұздақ экспортын 5,7 есеге арттырды. Бұл туралы Үкімет отырысында экономиканы одан әрі әртараптандыру шаралары жөнінде баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді,- деп хабарлайды saraptime.kz

«Үкіметтің жүйелі шаралары оң экономикалық нәтиже беруде. Атап айтқанда, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер экспорты екі есеге (72 млн доллар), макарон өнімдері – 1,2 есеге (54 млн доллар), маргарин – 3,5 есеге (51 млн доллар), ал балмұздақ экспорты 5,7 есеге (47 млн доллар) өсті. Сонымен қатар астықты терең өңдеу өнімдерінің – биоэтанол, глютен және крахмал экспорты артты. Бұл қосылған құны жоғары өнімдердің әлеуеті зор екенін айқын көрсетеді», – деді ол.

Жалпы, 2020 жылдан бері өңделген өнім экспорты 3,2 есеге өсіп, 3,2 млрд долларды құрады. Биылғы жоспар – 3,9 млрд доллар.

Мал шаруашылығы саласында бүгінде елде 210 ет өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді (қуаттылығы – 450 мың тонна). Олардың қатарында толық өндірістік циклді жүзеге асыратын «Қайып ата», «КазБиф», «Бижан», «Кублей» және «ЕМСи Агро» кәсіпорындары бар. Яғни олар мал өсіруден бастап, өңдеп, дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

«Қазір жалпы құны 41,2 млрд теңгені құрайтын 11 жоба іске асырылуда. Қосымша 50 мың тонна қуат енгізіледі. Ең ірі жобалар – Абай облысындағы “Евразия Агро Семей” (11,4 мың тонна) және Жамбыл облысындағы “ТРЗ Агро” (7 мың тонна). Бұл жобаларды жүзеге асыру өнім түрін кеңейтуге, өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыруға және саланың экспорттық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Айдарбек Сапаров.

Сүт өңдеу саласында да тұрақты даму және өндірістік әлеуетті арттыру жалғасуда. Қазір елде 180 өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді (2,7 млн тонна).

2025 жылы бірқатар ірі жобалар іске қосылды, оның ішінде:

• «Евразиан милк» – жылына 13 мың тонна қоюландырылған сүт өндіретін кәсіпорын (10 млрд теңге);

• «Зенченко и К» КТ – 18,7 мың тонна сүт өнімдерін өндіру жобасы (3 млрд теңге).

«Сонымен қатар жалпы құны 41 млрд теңгені құрайтын 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде қосымша 165 мың тонна өңдеу қуаты енгізіледі. Бұл жобалар ішкі нарықты сүт өнімдерінің кең ассортиментімен қамтамасыз етуге және экспортты кеңейтуге негіз болады. Тері мен жүнді өңдеу қуаттарын кезең-кезеңімен қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде», – деп нақтылады министр.

2025 жылы пайдалануға берілген ірі нысандар:

• Ақтөбеде «Казфелтек» жобасы – 2,2 мың тонна жүн өңдеу (5,3 млрд теңге);

• Ақмола облысында «Агро Протеин» – жылына 2,4 мың тонна жемдік қоспа өндіру жобасы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button