Жалпыұлттық коалиция мүшелері Алматы облысының тұрғындарымен кездесті

Қонаев қаласының Мәдениет үйінде Жаңа Конституция жобасы мен 15 наурызда өтетін республикалық референдумға арналған «Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің кездесуі өтті,- деп хабарлайды saraptime.kz
Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева төрағалық етті. Диалогқа сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Максат Толыкбай, Жанарбек Ашимжанов және Сергей Пономарев, сондай-ақ қоғамдық институттар мен әлеуметтік қолдау саласының, білім беру ортасының, жастар ұйымдарының өкілдері және өңірлік белсенділер қатысты.
Облыс тұрғындары алдында сөз сөйлеген Аида Балаева Жаңа Конституция жобасының негізгі идеясы – азаматтардың мүддесін қорғау және елдің ұзақ мерзімді орнықты дамуын қамтамасыз ету екенін атап өтті. Құжатта мемлекеттің даму бағыты, қоғамның құндылықтық бағдарлары және билік пен халық арасындағы қарым-қатынастың жаңа сапасы айқын көрсетілген.
«Ең алдымен Жаңа Конституцияның Преамбуласына тоқталғым келеді. Онда адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің ең жоғары басымдығы ретінде бекітілді. Бұл – мемлекеттік саясат философиясын түбегейлі өзгертетін қағида. Яғни заңның негізінде мемлекет адамға қызмет етіп, оның қадір-қасиетін қорғауы тиіс деген ұстаным жатыр. Сонымен қатар бірлік пен келісім, ұлтаралық және конфессияаралық өзара түсіністік қазақстандық мемлекеттіліктің берік іргетасы ретінде айқындалған. Алматы облысы секілді көпэтносты және көпконфессиялы өңір үшін бұл нормалардың маңызы ерекше. Бұл қоғамдық келісім мен өзара құрмет кездейсоқ құбылыс емес, заңмен қорғалатын ортақ құндылық екенін білдіреді», – деді вице-премьер.

Жоба дайындығының барысы мен негізгі институционалдық өзгерістер туралы кеңейтілген ақпаратты Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев ұсынды. Ол жұмыстың кезең-кезеңімен және ашық түрде жүргізілгенін, ұсынылып отырған өзгерістер жүйенің тиімділігін арттыруға және саяси жауапкершілікті күшейтуге бағытталғанын айтты.
«Уақыт өзгеруде – сондықтан жаңа Конституция қажет. Жұмыс өткен жылдың қыркүйегінде басталды. Бұл кейбіреулер айтқандай “тез әрі жасырын” жүргізілген жоқ. Қарашадан бастап мен құрамында болған парламенттік комиссия жұмыс істеді, кейін конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12 отырысы өтті. Жалпы алғанда, бұл маңызды жұмысқа 130 адам қатысты – белгілі заңгер-ғалымдар, ғылым докторлары, депутаттар, фракция жетекшілері, сарапшылар. Барлығы да камералар алдында ашық өтті, сондықтан процесс ешкімнен жасырылған жоқ», – деді Сергей Пономарев.
Негізгі заңды жаңартудың адами капитал және жастар саясаты тұрғысындағы логикасын Мәжіліс депутаты Максат Толықбай атап өтті. Оның айтуынша, Конституция азаматтардың өмір сапасын тікелей айқындайды және заман талабына сай болуы тиіс, ал білім мен инновацияны дамыту – басты құндылыққа айналуда.
«Конституция – әрқайсымыздың өмірімізге тікелей әсер ететін басты құжат. Тағдырлы мәселелерді халық референдум арқылы шешуі керек. 1995 жылғы Конституцияда уақыт талабына сай келмейтін нормалар бар. 30 жыл ішінде көп нәрсе өзгерді, біз мемлекет ретінде қалыптастық. Енді егемендікті одан әрі нығайтудың жолдарын іздеу маңызды. Адами капитал мен адам құқықтары елдің басты капиталына айналуы тиіс. Білім, ғылым және инновациялар Преамбулада негізгі құндылық ретінде бекітілуі кездейсоқ емес. Біз жастардың зияткерлік әлеуетін ашуымыз қажет», – деді Максат Толықбай.
Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов жобаны мұқият зерделеу және оның қазіргі сын-қатерлерге жауап ретіндегі логикасын түсіну қажеттігін атап өтті.
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрайымы Жұлдызай Ысқақова Жаңа Негізгі заңда бекітілген отбасылық құндылықтарға тоқталды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының төрайымы Лаззат Шыңғысбаева құжаттың әлеуметтік аспектісін атап өтті. Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тлепов Негізгі заңдағы білім мен ғылымның рөліне назар аударды.
Кездесу соңында қатысушылар республикалық референдумға белсенді қатысудың елді жаңғырту мен оның зияткерлік әлеуетін нығайтудың маңызды қадамы екеніне ерекше мән берді.



