Қарлы боран: 10 күнде 145 адам эвакуацияланды

Қазақстанда 2026 жылғы 11–20 ақпан аралығында қолайсыз ауа райы кезінде 145 адам эвакуацияланды,– деп хабарлайды saraptime.kz
Қар құрсауынан құтқарылған 145 адамның ішінде 17 бала бар. Сондай-ақ 48 автокөлік шығарылды.
«Ауа райының нашарлауы мен автожолдардың жабылуы туралы халыққа дауылды ескертулерді жеткізу, SMS-хабарламалар тарату, ТЖМ-нің интернет-ресурстары, аумақтық бөлімшелері және әлеуметтік желілер арқылы ақпарат берілді. Авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарына құтқарушылар мен полиция қызметкерлері қатысты», – делінген хабарламада.
ТЖМ қызметкерлері жолдардың күрделі учаскелерін жоғары өтімді техникамен тұрақты түрде патрульдеп, қар құрсауында қалған көліктердің бар-жоғын тексеріп, қажетті көмек көрсетуде. Құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеп, халыққа жәрдем беріп, автожолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.
ТЖМ азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға, дауылды ескертулерді бақылап отыруға және қолайсыз ауа райы кезінде алыс жолға шықпауға шақырады. Ауылдық жер тұрғындарына ауа райы нашарлаған жағдайда ұзақ жаяу серуендеуден бас тарту ұсынылады.



