Дін

Рамазан айында пітір садақасы не үшін беріледі?

Биыл пітір садақа мөлшері 735 теңге болып белгіленді. Рамазан айында жаңа туған сәбиден бастап қартқа дейін оны беру міндеттелген. Оны мешітке апарып беруге де немесе банк қосымшалары арқылы онлайн жіберуге де болады,– деп хабарлайды saraptime.kz

Осы орайда Информбюро порталы пітір садақасы қалай есептеледі және оны кімдер беру қажет деген сұрақтарға жауап береді.

Пітір садақа мөлшері қалай есептеледі?

Қазақстанда пітір садақа мөлшері екі келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады.

2026 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтағы орташа бағамен есептелді:

• екі келі бидай – 318 теңге;
• екі келі ұн – 735 теңге;
• төрт келі арпа – 514 теңге;
• екі келі мейіз – 6 400 теңге;
• төрт келі құрма – 12 400 теңге.

Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті ҚМДБ пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.

Ал бай, ауқатты адамдар пітір садақаны екі келі мейізбен (6 400 теңге) немесе 4 келі құрмамен (12 400 теңге) бергені жақсырақ.

Кімдерге пітір садақа беру міндет?

Ханафи мәзһабы бойынша Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақа беруі – уәжіп. Оны қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына (595 гр) жеткен адам беруі керек.

Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндет емес. Ал сауап үшін беріп жатса – өз еркі. Алайда садақаны өзінен де жағдайы нашар адамға бергені дұрыс. Ал әйелі және үлкен балаларының жағдайлары жетіп тұрса, олар пітір садақаны өздері үшін береді. Ал олар үшін де пітір садақа берген адам, сауаптан құр қалмайды. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді. Таң атпай дүние есігін ашқан сәбиге пітір садақасы – уәжіп. Таң атқаннан кейін туған бала үшін садақ беру міндет емес.
Пітір садақасы уәжіп болған мұсылман нисап мөлшерінде байлығы жоқ әйелі мен кішкентай балалары үшін де беруге тиіс.

Пітір садақасы кімдерге берілуі керек?

Құран Кәрімнің “Тәубе” сүресінің 60-аятында пітір садақаны кімдер ала алатыны айтылған:

• жағдайы жоқ жандар;
• ештеңесі жоқ міскін;
• зекет жинауға тағайындалған белгілі адамдар;
• қарызға батқандар;
• Алла жолында қызмет етіп жүрген азаматтар;
• қаржылары бітіп, жолда қалған жолаушылар.

Әке-шешесіне, ата-әжесіне, әйеліне, өзінің ұл-қыздарына, олардан туған немерелеріне садақа беру дұрыс емес. Пітір садақаны алдымен бауырларына, туыстарына, ағайындарына, көршілеріне берген абзал (“Әл-фәтауа әл-һиндия”, 1/252).

Одан артылып жатса немесе беретін жері болмаса, мешітке апарып берсе де болады. Бұл үрдіс бізде бұрыннан қалыптасқан. Мешіт оны мұқтаж жандарға үлестіреді және дін жолында пайдаланады.

 

Back to top button