Maqsut Narikbayev University-де жаңа Конституция жобасы талқыланды

Бүгін Maqsut Narikbayev University- де елордалық студенттер, шығармашыл жастар және профессор-оқытушылар құрамымен жаңа Конституция жобасын республикалық референдумға дайындық аясында талқылауға арналған диалог алаңы өтті, деп хабарлайды Saraptime.kz
Кездесуде спикер ретінде елордалық мәслихат депутаты Нұржан Садырбаев, «Respublica» партиясының Астана қалалық филиалының төрағасы Шыңғыс Түсіпбаев, «Нұра» аудандық филиалының Саяси кеңес мүшесі Абдусаид Назаров, сондай-ақ Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Тимур Жұмырбаев сөз сөйледі.
Кездесуді ашқан Тимур Жұмырбаев негізгі заң жобасын дайындау жөніндегі комиссияның жұмысы туралы жан-жақты баяндады.

Оның айтуынша, үш апта ішінде онлайн форматта 12 ашық отырыс өтіп, олардың барысында азаматтар мен қоғамдық ұйымдардан шамамен 10 мыңға жуық өтініш пен ұсыныс түскен.
«Жобаны дайындауда ешқандай асығыстық жоқ. Бұл жұмыс Мемлекет басшысы бастамашылық еткен реформалардың жалғасы болды. Талқылау отырыстар аясында да, шағын топтарда да өтті. Оған лингвистикалық комиссия мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Бірқатар ескертулер қорытынды редакцияда ескерілді», — деді ол.
Ол жаңа Конституция жобасының адамға бағытталған сипатын атап өтті. Құжатта адами капиталды дамытуға, білім беру, ғылым және инновация салаларына ерекше мән берілген. Сонымен қатар цифрлық құқықтар мен жеке деректерді қорғау мәселелеріне арналған бөлек бөлім қарастырылған. Бұл нормалар алғаш рет Негізгі заң деңгейінде бекітілмек.



