Конституцияның соңғы нұсқасы: Қандай түзетулер енгізілді

15 наурыздағы референдум қарсаңында Конституция мәтініне бұған дейін көпшілік талқылаған алдыңғы нұсқамен салыстырғанда қосымша түзетулер енгізілді. Кейбір тұжырымдар нақтыланса, бірқатар жағдайда өзгерістер нормалардың мазмұнына әсер етеді. Бұл туралы Ötkir Kürek басылымы мәлімдеді,– деп хабарлайды saraptime.kz
Тілдік норма: «тең дәрежеде» және «қатар»
Ötkir Kürek журналистері 9-баптағы орыс тілін қолдануға қатысты тұжырымның өзгергеніне назар аударды.
Бұрынғы нұсқада:
«Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен тең дәрежеде ресми түрде орыс тілі қолданылады».
Қорытынды редакцияда «тең дәрежеде» сөзі «қатар» сөзімен ауыстырылған:
«…қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі қолданылады».
Мағыналық тұрғыдан «тең дәрежеде» тең мәртебені білдірсе, «қатар» бірлесіп қолдануды көрсетеді, бірақ мәртебесінің тең екенін тікелей білдірмейді.
Білім беру: бастауыш деңгей кепілдігін алып тастау
33-бапта білім алу құқығына қатысты нормалар қайта қаралған.
Алдыңғы нұсқада:
«Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік оқу орындарында бастауыш және орта білім алуына кепілдік беріледі. Бастауыш және орта білім міндетті».
Соңғы нұсқада:
«Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік оқу орындарында өздері ақы төлемейтін орта білім алуына кепілдік беріледі. Бастауыш және негізгі орта білім міндетті».
Осылайша, қорытынды редакцияда мемлекеттік мекемелерде бастауыш білім алуға кепілдік беру туралы тікелей норма жоқ.
Сонымен қатар, мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурстық негізде жоғары білім алу құқығы туралы норма да алынып тасталған.
Бұрын:
«Қазақстан Республикасының азаматы мемлекеттік жоғары оқу орындарында конкурстық негізде жоғары білім алуға құқылы…»
Қорытынды нұсқада:
«Қазақстан Республикасының азаматы жоғары оқу орындарында жоғары білім алуға құқылы…»
Бұған қоса, мектептегі білім, медицина және заң көмегі туралы баптардан бұрын алынып тасталған «ТЕГІН» сөзі жаңа редакцияда да қайта енгізілмеген.
Жиналу құқығы
35-бапта жария акцияларға қатысты тұжырым өзгертілген.
Бұрын:
«Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт жиналыстар, митингілер, демонстрациялар өткізуге құқылы…»
Соңғы редакцияда:
«Қазақстан Республикасының азаматтары бейбіт жиналыстарға құқылы…»
Митингілер мен демонстрациялар туралы сөздер мәтіннен алынып тасталған.
Сонымен бірге бұл құқықты конституциялық құрылысты, қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында заңмен шектеу мүмкіндігі сақталған.
Өтпелі ережелер
95-бапқа мемлекеттік биліктің жаңа органдарын кезең-кезеңімен қалыптастыру жоспарын қамтитын арнайы өтпелі нормалар блогы енгізілген.
Негізгі ережелер:
— қолданыстағы Парламенттің өкілеттігі 2026 жылғы 1 шілдеде тоқтатылады;
— Кұрылтай сайлауын Президент Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде жариялап, екі ай ішінде өткізуге тиіс;
— Құрылтайдың алғашқы сессиясы ашылғаннан кейін екі ай ішінде Вице-Президент, Конституциялық Сот, Орталық сайлау комиссиясы және Жоғары аудиторлық палатаның басшылығы тағайындалады;
— жаңа құрамдар жасақталғанға дейін тиісті лауазымды тұлғалар өз өкілеттіктерін сақтайды;
— Конституция күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде Жоғарғы Сот Төрағасы, Ұлттық Банк Төрағасы, Бас прокурор, ҰҚК Төрағасы, Жоғары сот кеңесінің төрағасы және Адам құқықтары жөніндегі уәкіл тағайындалады.
Астана мәртебесі және қаржы нормалары
2-бапта астананың мәртебесі жай заңмен емес, конституциялық заңмен айқындалатыны нақтыланған.
Сондай-ақ жаңа ережелер қосылған:
— ұлттық валюта – теңге;
— теңгені эмиссиялау құқығы тек Қазақстан Республикасына тиесілі.
Меншік
8-бапта «мемлекеттік және жеке меншік» деген тіркес «меншіктің барлық нысандары» деп өзгертілген. Олар танылады, кепілдік беріледі және тең дәрежеде қорғалады.
Адам құқықтары
12-бапқа әркімнің құқық субъектілігін мойындату құқығы және өз құқықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен, соның ішінде қажетті қорғаныс арқылы қорғау мүмкіндігі туралы нормалар қосылған.
Азаматтық туралы бапқа шетел азаматтығын туған кезде алған кәмелетке толмаған балаларға қатысты қосымша ереже енгізілген.
Бұрын құқықтар мен бостандықтар «абсолютті және ажыратылмайтын» деп танылса, жаңа нұсқада «ажырамас және айырылмайтын» деп көрсетілген әрі олардың қолданыстағы құқықтың мазмұны мен қолданылуын айқындайтыны туралы норма қосылған.
17-бапта: «Ешкім адамды өмірінен өз бетінше айыра алмайды» деп нақтыланған. Бұрын «өз бетінше» сөзі болмаған.
23-бапта «арандатушылық қызмет» туралы еске салу алынып тасталып, тек насихат пен соған шақыруға тыйым салу сақталған.
Әлеуметтік сала және волонтерлік
31-бапта көтермеленетін қызмет түрлерінің қатарына волонтерлік қызмет қосылған.
Президент өкілеттігі және Курултайды тарату
Ötkir Kürek мәліметінше, бірқатар баптарда «таратады» деген императивтік норма «таратуға құқылы» деген диспозитивтік нормаға өзгертілген. Бұл қайталап келісім беруден бас тарту немесе Курултай төрағасын сайлау жағдайларына қатысты.
Сонымен бірге 62-баптың 3-тармағында көзделген жағдайларға сілтемелер қосылған.
Заң шығару процесі
61-баптан заң жобаларын кемінде үш оқылымда міндетті түрде қарау талабы алынып тасталған.
60-бапта Курултай заң шығара алатын салалардың тізбесі кеңейтіліп, ғылым, мәдениет, мемлекеттік наградалар мен құрметті атақтар енгізілген.
Күшіне енуі
Бұрын Конституция референдум нәтижелері ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді делінсе, соңғы редакцияда нақты күн белгіленген — 2026 жылғы 1 шілде.



