Жаңалықтар

Қазақстанның мұнай өндірісі: сәуірге арналған жаңа квота белгіленді

OPEC+ аясында Қазақстанның сәуірдегі мұнай өндіру квотасы тәулігіне 1,579 млн баррельді құрайды деп хабарланды. Наурызда Қазақстанның квотасы тәулігіне 1,569 млн баррель болған еді, яғни көрсеткіш 10 мың баррельге өсті,— деп хабарлайды saraptime.kz

Жалпы, ОПЕК+ сәуірде мұнай өндіру көлемін тәулігіне 206 мың баррельге арттыру туралы шешім қабылдады. Алжир – 977 мың баррель (+6 мың), Ирак – 4,299 млн баррель (+26 мың), Кувейт – 2,596 млн баррель (+16 мың), Сауд Арабиясы – 10,166 млн баррель (+62 мың), Біріккен Араб Әмірліктері – 3,429 млн баррель (+18 мың), Оман – 816 мың баррель (+5 мың) және Ресей – 9,637 млн баррель (+62 мың) тәулігіне өндіретін болады. Ұйым бірінші тоқсанда өндіріс квотасын арттырмаған еді.

«Әлемдік экономиканың тұрақты даму болжамдарын және қазіргі нарықтағы қолайлы жағдайларды, оның ішінде мұнай қорының төмен деңгейде екенін ескере отырып, сегіз қатысушы ел тәулігіне 206 мың баррель көлемінде өндірісті түзетуге келісті. Бұл түзету 2026 жылдың сәуір айында жүзеге асырылады», – делінген хабарламада.

OPEC+ елдері нарық жағдайын мұқият бақылауды әрі бағалауды жалғастыратынын, өндіріс көлемін өзгерту кезінде «сақтық тәсілді» қолдану мен толық икемділікті сақтаудың маңыздылығын растады.

Сегіз ел жаңа шара қатысушы мемлекеттерге компенсациялық төлемдерді жылдамдатуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл – белгіленген квотадан артық өндірілген мұнай көлемін өтеу жоспарына қатысты.

Мысалы, Қазақстанның 2026 жылғы қаңтар–маусым аралығындағы өтемақы жоспары төмендегідей: қаңтар – тәулігіне 503 мың баррель, ақпан – 629 мың баррель, наурыз – 549 мың баррель, сәуір – 569 мың баррель, мамыр – 569 мың баррель және маусым – 669 мың баррель (барлығы – тәулігіне 3,488 млн баррель).

Басқа жаңалықтар

Back to top button