weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
.
Мәзір
1 қыркүйек, 2026 / Олжа Уали / Жаңалықтар 19
Поделиться: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

Торғайды жаңа индустриялық-аграрлық белдеуге айналдыру ұсынылды

Қазақстанда жаңа ірі инвестициялық жобаларды қалыптастыру мәселесі күн тәртібіне шығып отыр. Солардың бірі – Торғай көмір бассейнін игеру және оның негізінде энергетика, тау-кен өндірісі мен ауыл шаруашылығын біріктіретін жаңа индустриялық белдеу құру идеясы.
 

Торғайды жаңа индустриялық-аграрлық белдеуге айналдыру ұсынылды Торғайды жаңа индустриялық-аграрлық белдеуге айналдыру ұсынылды
Фото: Жасанды интеллект

Торғай қоңыр көмір бассейніндегі қор көлемі шамамен 61,9 млрд тонна деп бағаланады. Оның 7,1 млрд тоннаға жуығын ашық әдіспен өндіруге мүмкіндік бар. Салыстырмалы түрде алғанда, Екібастұз көмір бассейнінің қоры шамамен 9,7 млрд тонна, ал Қарағанды бассейнінің қоры 42 млрд тонна деңгейінде көрсетіледі.

Алайда Торғайдың әлеуеті тек көмір қорымен шектелмейді. Мұнда көмірді газдандыру, сондай-ақ көмір құрамындағы сирек және стратегиялық маңызды элементтерді алу мүмкіндігі қарастырылып отыр.

Зерттеулерде Торғай көмірінде титан, германий, литий және басқа да сирек элементтер кездесетіні көрсетілген. Мәселен, титанның мөлшері тоннасына 15–17 кг, германий 0,5–10 кг аралығында болуы мүмкін. Бұл көрсеткіштер толық зерттеу арқылы расталса, Торғайды дәстүрлі көмір өндіретін өңірден жоғары қосылған құны бар өнім шығаратын өндірістік орталыққа айналдыруға мүмкіндік туады.

Энергетикаға да мүмкіндік бар

Торғайды игерудің тағы бір бағыты – энергетика.

Қазір Қостанай облысында электр энергиясына қатысты тапшылық бар. Облыстың электр қажеттілігінің едәуір бөлігі басқа өңірлерден жеткізіледі.

Осыған байланысты Торғай бассейні аумағында жаңа генерация қуаттарын орналастыру өңірдің ғана емес, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары мен Астана агломерациясының энергетикалық қажеттілігін қамтамасыз етуге ықпал етуі мүмкін.

Сонымен бірге көмірді газдандыру арқылы қосымша газ өндіру мүмкіндігі де қарастырылуда.

Ең үлкен мәселе – су

Дегенмен жобаның алдында шешілуі тиіс күрделі мәселе бар. Ол – су тапшылығы.

Торғай өзенінің су көлемі ірі өнеркәсіптік кешенді тұрақты қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Сондықтан өндіріс пен энергетиканы қатар дамыту үшін жаңа су инфрақұрылымы қажет.

Осыған байланысты бұрын ұсынылған Есіл–Торғай су арнасын салу идеясы қайта қаралуы мүмкін. Бұған дейінгі есеп бойынша, мұндай канал арқылы жылына 1,5–2 млрд текше метрге дейін су жеткізуге мүмкіндік бар.

Бұл су тек өнеркәсіпке емес, ауыл шаруашылығына да бағытталуы мүмкін. Болжам бойынша, суару жүйесін дамыту арқылы шамамен 1,5 млн гектар ауыл шаруашылығы алқабын пайдалануға жағдай жасалады.

Бір жоба емес, тұтас кластер

Ұсынылып отырған модельде көмір өндіру, энергетика, газдандыру, сирек металдарды алу, су инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, өндіріс және логистика бір жүйеге біріктіріледі.

Алдын ала есеп бойынша, осындай кешенді жобалардың жалпы инвестициялық портфелі 15 млрд доллардан асуы мүмкін.

Бірақ бұл үшін алдымен толық геологиялық және техникалық зерттеу жүргізілуі керек. Кен орындарының нақты қоры, көмір сапасы, газдандыру мүмкіндігі және сирек элементтердің мөлшері анықталуы тиіс.

Егер зерттеу нәтижелері оң болса, Торғай Қазақстанның жаңа инвестициялық және өндірістік орталықтарының біріне айналуы мүмкін.

Басты мақсат Екібастұздың моделін қайталау емес. Торғайда энергетика, стратегиялық металдар, су ресурстары және ауыл шаруашылығын біріктіретін жаңа экономикалық кластер қалыптастыру маңызды.

Дереккөз: Фархад Қуанғанов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі, Металлургия және кен байыту институты Директорлар кеңесінің төрағасы.

.

Көп оқылды:

.
.