Жаңалықтар

Кейінге қалдырылған даму ел экономикасына қанша шығын әкеледі?

Инфрақұрылымды жаңғыртуды кейінге шегеру де экономика мен қоғам үшін қосымша шығынға әкелуі мүмкін. EU Reporter мақаласында инвестицияны уақытында жүзеге асырудың маңызы талданған, деп хабарлайды saraptime.kz

EU Reporter материалында жинақталған капиталды пайдаланудың ғана емес, инвестицияны кейінге қалдырудың да өзіндік құны бар екеніне назар аударылады.

Көлік желілерінің өткізу қабілетінің төмендігі, энергия тапшылығы, тозған коммуналдық жүйелер, мектептер мен медициналық нысандардың жетіспеуі халық пен экономикаға әсерін қазірдің өзінде тигізіп отыр. Инфрақұрылымды жаңғырту неғұрлым ұзақ уақытқа шегерілсе, бұл шығындар да соғұрлым ұзақ сақталады.

Басылым инфрақұрылымдық жобаларды іске қосу жылдамдығының экономикалық мәні бар екенін атап өтеді. Қажетті нысан он жылдан кейін емес, бүгін жұмыс істей бастаса, ел оның экономикалық және әлеуметтік пайдасын бірнеше жыл бұрын ала алады.

Заманауи инфрақұрылым халықтың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, жеке бизнестің дамуына да жағдай жасайды. Сенімді көлік, энергетика және коммуналдық желілер экономикалық белсенділіктің артуына ықпал етеді.

Мақалада Ұлттық қор қаражатын стратегиялық міндеттерді шешуге пайдалану Қазақстан үшін жаңа тәжірибе емес екені де айтылады. Экономика қосымша ресурсты қажет еткен кезеңдерде қор қаражаты елдегі тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берген.

Мысалы, 2008–2009 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысы кезінде Ұлттық қордан 10 млрд доллар бөлінді. Бұл қаражат қаржы секторын тұрақтандыруға, жылжымайтын мүлік нарығын, шағын және орта бизнесті және агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бағытталды.

2015–2017 жылдары тағы 9 млрд доллар көлемінде қаражат алынды. Ал 2020–2021 жылдардағы пандемия кезеңінде Ұлттық қордан берілген трансферттер экономикалық тұрақтылықты сақтауға және азаматтарды қолдауға жұмсалды.