«Арыс қаласынан – Ұлы Абайдың ауылына» атты экспедиция басталды
Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбектің бастамасы бойынша қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен тоғыз жолдың торабы Арыс қаласынан шырайлы Шығыс Қазақстан облысына арнайы экспедиция жолға шықты, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Ұлы ақын Абайдың 175 жылдық мерекесіне орай, аймақтағы зиялы қауым өкілдері мен жастардан жасақталған «Арыс қаласынан – Ұлы Абайдың ауылына» деп аталатын танымдық экспедиция мүшелерін қала әкімі арнайы қабылдап, сәтті сапар тіледі.
Экспедиция әуелі Қаракерей Қабанбай батырға мәңгілік мекен болған шығыстың жұлдызы Өскемен қаласына табан тіреді. Онда арнайы топ батыр ескерткішіне тағзым жасады. Кейін экспедиция ұлы ақынның елі Семей қаласына жол тартты. Онда Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ибраһимнің оқыған Ахмет Риза мешіт-медресесіне аялдады. Сондай-ақ, «Алаш арыстары» музейіне арнайы аялдап, ондағы құнды жәдігерлермен танысты. Тағылымы мол танымдық сапар 30 қарашаға дейін жалғасатын болады.