Түркістан қаласында «Keruen Sarai» тұрғын үй кешенінің құрылысы басталды. Тұрғын үй кешені шығыс стилінде салынады. Қазіргі уақытта «Түркістан» ӘКК» АҚ бастамашы болған серіктеспен бірлесіп, «Keruen Sarai» жаңа тұрғын үй кешенін салу жобасын іске асыруда. Шығыс стиліндегі тұрғын үй кешені Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанынан салынатын болады.
Салынып жатқан кешеннің аумағы арқылы қаланың негізгі жаяу жүргіншілер аллеясы өтеді. Айналасында қаладағы жаңа нысандар мен көрікті орындар орналасқан. Кешеннің шығыс жағында саябақ аймағы орналасқан. Тұрғын үй ауласына көпжылдық ағаштар отырғызылады.
«Keruen Sarai» құрылысының бірінші кезегі 9 аз қабатты блоктардан тұратын болады. Жалпы жаңа кешенде 1,2 және 3 бөлмелі пәтерлер мен екі қабатты таунхаустардың құрылысы қарастырылған. Бір алаңда екіден көп пәтер болмайды, ал таунхаустарда бөлек кіру қақпалары мен жеке террассалар болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі