Түркістан
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде Қазығұрт ауданы көш басында
Қазығұрт ауданы ауыл шаруашылығы саласында былтырғы жылдың қорытындысымен Түркістан облысы бойынша көш бастады. Аудан экономикасының басым бағыты болып табылатын ауыл шаруашылығында өткен жылы 46 млрд 188,3 млн теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде, мал шаруашылығы – 28 млрд 239,9 млн теңгені, ал егін шаруашылығы 17 млрд 862 млн теңгені құраған.
Сондай-ақ, ауданда егіс көлемі 88 629,2 гектарға жетіп, 2019 жылмен салыстырғанда 4 102,4 гектарға артқан. Мәселен арпа, бидай өнімдерінен 47 257,5 гектардан 115 780,8 тонна астық жиналған. Яғни, әр гектарынан орта есеппен 24,5 центнер болса, көкөніс, картоп, бақша дақылдарынан 19,8 мың тоннаға жуық өнім жиналған.
Ал, мал өнімдері 2020 жылдың қорытындысымен 25,8 мың тонна ет, 56,9 мың тонна сүт, 7,2 мың дана жұмыртқа өндірілген. Мал басы санын көбейтуде ірі қара мал басы – 85 мың басқа, қой-ешкі – 357,2 мың басқа, жылқы – 34 мыңға жеткен.
Жоғарғы көрсеткішпен аудан «ALTYN KUZ – 2020» ауыл шаруашылығы мерекесінде «Астық өндіруші озат аудан», «Ет өнімдерін қайта өңдеуден озат аудан» номинацияларын жеңіп алды. Сонымен қатар, диқандар мен шаруалардың қажырлы еңбегінің арқасында «Агроөнеркәсіп кешенінің даму бағдарламасы көрсеткіштерін орындаудан озат аудан» аталымы бойынша жүлделі 1-орынға ие болды.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі