Өмірзақ Шөкеев: Бюджет қаржысы – бақылауда
Бүгін бірқатар аудан әкімдері мен басқарма басшылары облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатаң сынына ұшырады, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі төрағалық еткен апталық аппарат жиналысында бюджет қаражатының игерілу жайы сөз болды.
«Бюджет қаржысын мақсатты игеру – басты назарда. Аталған қаржыларды Үкіметтен бөлдіру үшін қаншама уақыт пен күш жұмсалады. Ал Сіздер келіп тұрған қаржыны игере алмайсыздар. Ондай аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларының себебін – сылтау деп түсінемін», – деді Өмірзақ Естайұлы.
Өңір басшысы 11 айдың қорытындысымен бюджеттен бөлінген қаржыны өз мерзімінде әрі сапалы игермеген жағдайда, жауаптыларға тәртіптік шара қолданылатынын ескертті.
Сондай-ақ, күн тәртібінде Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарының барасы қаралды. 32 секторға бөлінген шаһардағы ағаш отырғызу, күл-қоқыстан тазарту шараларына Түркістан облысындағы аудан-қала басшылары тікелей қатысып, жұмыстың нәтижесіне көз жеткізуді тапсырды.
Жиын барысында аталған мәселелер бойынша берілген нақты тапсырмалардың орындалуын облыс әкімі өзі жүріп қадағалайтынын ескертті.