Мақтаарал ауданында 100 мың тоннаға жуық мақта жиналды
Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 48 млрд. теңгеге жетті. Басым бөлігі өсімдік және ауыл шаруашылығы салаларына тиесілі. Ауданның негізгі күн көрісі – егін шаруашылығы. Өткен жылы диқандар 60 мың гектардан астам жерге егістік ексе, оның 40 мың гектарға жуығы мақта дақылына тиесілі. Аудан бойынша 100 мың тоннадай ақ алтын жиналып, орташа өнімділік 25 центнерді құрады.
Жалпы мақтаны машиналық әдіспен теру 66%-ға жеткен. Қалғаны жұмысшылардың күшімен жиналған. Өткен жылы АҚШ-тан Мақтараал ауданына қосымша 23 дана «Джон-Дир» мақта терім комбайны сатып алынды. Мақта терім науқанына 514 трактор, 1206 тіркеме және 151 комбайн қатысқан.
Мақтааралдықтар 300 мың тоннадан астам бақша өнімдерін өндіріп, оның 80%-ын эскпортқа шығарған. Маусым кезінде күн сайын 300-ге тарта қауын-қарбыз тиелген жүк көліктері ТМД, Балтық елдеріне, Түркия, Германия, Греция елдеріне жол тартады.
Сонымен қатар, шаруа қожалықтары 50 мың тоннаға жуық көкөніс, 12 мың тонна күріш және басқа да түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өндірді. 2020 жылы жылыжайлардың көлемін қосымша 10 гектарға ұлғайды. Сондай-ақ, 250 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы ендірілді.
Жыл қорытындысы бойынша 102 дана техника, құрал-жабдықтар мен түрлі агрегаттар алынған. Сонымен қатар, өткен жылы 35 бірлік мал бордақылау алаңдары, 8 шағын жанұялық сүт аулалары ашылды. Жыл қорытындысымен аталған бағыттар бойынша жоспарлар артығымен орындалған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі