Жасотандықтар «Мен – донормын!» акциясын өткізді
Жуырда «Jas Otan» жастар қанатының Түркістан облыстық филиалының өрендері игі іс атқарды. Жалынды жастар Түркістан қаласындағы «Қан орталығына» барып, «Мен – донормын!» акциясы аясында қан тапсырды. Жастар алдымен қан қысымы, қант мөлшері және оның компоненттері, гемоглобин көрсеткіштері бойынша толық тексеруден өтті.
Акцияға 20 жас қатысып, қан тапсырды. Жыл сайын дәстүрге айналған іс-шара аясында қан тапсыруға ниетті жандар саны көбейіп, оң көзқарас қалыптасып келеді. Бұл да отаншылдықтың, мейірбандықтың белгісі.
«Соңғы жылдары әлеуметтік желіде «туысқаныма, анама, бауырыма қан құю керек еді, қажетті қан тобы бар, бірақ оның орнын толтыру керек» деген өтініштерді оқып қалып жүрміз. Аса күрделі кезеңде сіздің мейірбандығыңыз арқылы бір адам денсаулығын түзеуі мүмкін. Сондықтан бір топ жастар орталыққа барып, қан тапсырдық. «Nur Otan» партиясының басты миссиясы да – елге көмектесу, қоғамға ой салу емес пе? Жасотандықтар қайырымдылық іс-шараларын жалғастыра береді», – дейді «Jas Otan» жастар қанатының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жансерік Жұман.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі