15 ақпаннан бастап «QAZCOVID-IN» екпесі салынатын болады
Түркістан облысында 15 ақпаннан бастап Қарағанды фармацевтикалық кешені негізінде шығарылған «QazCovid-In» екпесі кезең-кезеңмен егілетін болады. Вакцинациялау науқанының келесі кезеңінде отандық екпені қолдану жоспарлануда. Қазақстандық вакцина клиникалық сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр.
Түркістан облысында 800-ден астам медицина қызметкері COVID-19-ға қарсы екпе салдырды. Өңірде коронавирус індетіне қарсы екпе салу жұмыстары 20 емханада жүргізіліп жатыр. Вакциналарға арналған арнайы мұздатқыш камералары жеткілікті. Бүгінде Covid-19 қарсы вакцина егілген азаматтардың денсаулығы жақсы. Екпеден кейін ауруханаға түскен жағдайлар тіркелмеген.
Коронавирустық вакцинаны екі кезеңмен 21 күн аралығында жасау міндетті. Оған себеп, бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа мерзімді қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншінің әсерін күшейтеді және адам ағзасындағы антиденелердің мөлшері артады.
«Sputnik V» вакцинасын 18 жасқа дейінгі балаларға жасауға болмайды, оны Қазақстан Республикасының 60 жасқа дейінгі ересек азаматтары салдыра алады. Ескерсек, Қазақстанда вакцинация ерікті болып табылады. Елімізде егуден бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік жоқ. Вакцина салдырарда азаматтар толық дәрігерлік тексеруден өтеді және келесі үш күн бойы дәрігердің бақылауында болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі