Түркістандағы пандус проблемасы неге шешілмей келеді?
Бүгін Түркістан өңірінде «Қолжетімді Қазақстан» жобасы шеңберінде облыс аумағында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін елді мекендерде «кедергісіз орта» құруды қамтамасыз ету бағытында мақсатты жиын және қоғамдық бақылау жұмыстары өтті.
Жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары М.Қарғабай, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Қолжетімді Қазақстан» жобасының жетекшісі Г.Тәжібаева, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева, Түркістан облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің бөлім басшысы Қ.Естілеуова, Халықаралық ұйым, Үкіметтік емес ұйым өкілдері мен осы саладағы эксперттер қатысты.
️Мақсатты жиынның күн тәртібінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін елді мекендерде «кедергісіз орта» құру бойынша нақты шаралар қабылдау, осы салада проблемалық мәселелерді шешу, қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері қаралды.
Іс – шарада сөз сөйлеген Мирас Қарғабай өңірдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың шағымдарына тоқталып, бүгінде олардың мүддесі мен құқықтары толық қорғалмай отырғанын, пандус мәселесі жыл сайынғы келе жатқан проблема екенін, сондықтан аталған азаматтардың мемлекеттік мекемелер мен кәсіптік субъект ғимараттарына еркін кіріп-шығуы үшін облыс аумағында орналасқан пандус жүйелеріне, автокөлік қою орындарына, қоғамдық көліктерге және басқа да орындарға қоғамдық бақылау жұмыстарын бірлесіп жүргізуге шақырды.
Жиын барысында «Қолжетімді Қазақстан» жобасының жетекшісі Г.Тәжібаева, басқарма басшысы Ә.Темірбаева және бөлім басшысы Қ.Естілеуова және кезегімен баяндама жасады.
Жиын соңында баяндамашылардың ақпараттары назарға алынып, аталған проблемалық мәселелерді жою үшін тиісті құзырлы орган мамандарынан, эксперттерден, арнайы мониторинг топ мүшелерінен, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсе менеджерлерінен және қоғам өкілдерімен арнайы мониторингтік топ құрып, зерделеу жұмыстарының нәтижесімен Облыс әкіміне қоғам тарапынан қордаланған мәселелер бойынша ұсыныс енгізу қажеттілігі айтылды.
Сондай-ақ, жиын аяқталысымен іс-шараға қатысқан барлық мемлекеттік орган және үкіметтік емес ұйым өкілдері бірлесіп облыс орталығында орналасқан нысандардағы пандустердің стандарттарға сәйкестігіне қоғамдық бақылау жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша тиісті мекеме басшыларына ескерту жасалып, кемшіліктерді жою ұсынылды.
Бүгінгі жиында көтерілген мәселелер аясында Түркістан өңірінде қолайлы қоғам қалыптастыру мақсатында мүдделі органдардың қатысуымен Жол картасы бекітілетін болады.
Айта кетсек, Түркістан облысында 94,9 мың мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұрады, бұл республика бойынша 13,5% немесе Түркістан облысы халқының 4,7% пайызын құрайды.