Мақтааралда 16 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді
Мақтаарал ауданында мақта өнімдерін өндірумен қатар күріш өңдеу өнеркәсібі де қарқынды дамуда. Ауданда асфальт-бетон өнімдерін өндіру, май өндіру, тамақ өнеркәсібі, сусындар шығару бойынша кәсіпорындары артты. Нәтижесінде былтырғы жылы Мақтаарал ауданындағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 16 млрд.теңгеге жеткен. 2019 жылы бұл көрсеткіш 10,7 млрд. теңгенің көлемінде болған. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі де жоспардан асыра орындалып, 14 млрд. теңгеге жеткен.
Шағын және микробизнес ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында маңызды рөл атқаратыны белгілі. Яғни, тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, жұмыссыздық деңгейін төмендетеді. Бұл ретте ауданда 10 мыңнан астам кәсіпкерлік бірліктері тіркелген. Өткен жылы аудан кәсіпкерлері жеңілдетілген пайызбен түрлі несие ұйымдарынан 556,4 миллион теңге несие алып, жаңа жобалар бойынша жұмыс жүргізген.
Мәселен, былтыр жеке кәсіпкер К.Қосаеваға тиесілі жалпы құны 105 миллион теңгені құрайтын күріш өнімін өңдейтін шағын зауыт іске қосылып, 15 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. 2020 жылы кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында 3 мыңнан астам азаматтарға кеңес, 150-ге жуық сервистік қызметтер берілген. 133 кәсіпкерге заңгерлік қолдау көрсетілді.
Одан бөлек, «Бизнес бастау» және «Бизнес кеңесші» мемлкеттік бағдарламалары аясында 300-ден астам азамат білім алған. 1 мыңнан астам мақтааралдық кәсіпкерлік негіздеріне жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант алған.
Жалпы өңдеу және өндіріс өнеркәсібін дамыту мақсатында биыл Мақтаарал ауданында жалпы инвестиция көлемі 8 млрд. теңгеден аспақ. 200 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылатын екі жоба іске асырылуда. Ауданда «Еңбек нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша жоспардағы 5 мыңның орнына 8 мыңнан астамы қамтылып, бұл көрсеткіш 150%-ға артық орындалған. 150 азамат қысқа мерзімдік кәсіптік оқудан өтіп, 60 адам жұмысқа орналасты. 3 мыңға жуық мақтааралдық қоғамдық жұмыс орындарына, әлеуметтік жұмыс орындарына 800 адам тартылып, жастар практикасына 720 адам жолданған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі