Түркістан облыстық білім бөлімдері басшыларымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы кездесу өтті
Білім беру саласы – ел ертеңін қалыптастыруда айрықша маңызға ие саланың бірі болғанымен, бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық көріністері ең жиі ұшырасатын сала ретінде көш басында келеді.
Осыған орай, білім беру ордаларында туындайтын бармақ басты, көз қысты әрекеттердің деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен облысқа қарасты білім беру ұйымдарының басшыларымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша кездесу өткізілді.
Білім беру саласындағы өзекті мәселелер қаралған алқалы жиынға Департамент басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев және аудан/қалалық білім бөлімдерінің басшылары қатысты.
Шарада сөз алған Мирас Қарғабай өңірде алдын алу жұмыстарының жүйелі түрде жүргізіліп жатқандығына қарамастан, Түркістан облысының білім беру саласында, соның ішінде білім бөлімдері облыстық басқарманың қарамағына өтуіне байланысты құжаттарды рәсімдеуге, антисептик алуға, олимпиададан жүлделі орындарды сарапқа салуда, аттестаттаудан өткізуге, білім саласында жүргізілетін тексерулерде мұғалімдерден жүйелі түрде қаржы жинау деректері және кадр мәселесін шешу, сертификат пен диплом беру, мемлекеттік бағдарламаларға қарастырылған қаржыны талан-таражға салу, мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында да жемқорлық көріністері жиі орын алып жатқандығын жеткізді.
Сондай-ақ, бұл аталған деректер Агенттіктің тәулік бойы тегін қызмет көрсететін 1424 call орталығына 2020 жылы Түркістан облысы аумағынан келіп түскен 21 шағымның негізінде мәлім болғандығын баяндап, бірқатар қала/аудандардың білім беру мекемелерінде орын алған құқықбұзушылықтарға айрықша тоқталып өтті.
Жиын барысында Мемлекет басшысы қол қойған Заңнамаға енгізілген толықтырулар мен жаңашылдықтар ортаға салынып, өткен жылдың өзінде Департаментпен білім беру саласында 29 қылмыстық құқық бұзушылық деректерінің тіркелгендігі сөз болды.
Соған сәйкес, Департаменттің бастамасымен қала/аудандық білім бөлімдерінің басшыларына заңсыз ақша жинау деректеріне, атап айтсақ білім беру мекемелеріне жөндеу жүргізу, құрал-жабдықтар сатып алу, нысандарды тазалау, оқытушылар құрамына сыйлықтар мен мерекелік іс-шараларды өткізуге мәжбүрлі түрде қаражат жинауға тиым салу, өздеріне мәлім болған сыбайлас жемқорлық әрекеттерді тиісті органдарға хабарлауға міндеттелу және барлық нысандағы білім беру ұйымдарының кітаптар пен билеттер сатуға, оқу орнының қажеттіліктері үшін заңсыз ақша жинауға жол бермеу үшін басқарма басшысы Р.Жолаевтың қол қоюымен 11 ақпан күні №39 «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейту және жауапты тұлғаларды белгілеу туралы» бұйрық заңды күшіне енгендігі атап өтілді.
Бұдан бөлек, білім беру саласында белең алған жемқорлықты жою үшін ҚР Президент әкімшілігімен ең үздік жүйе деп танылған «Jumis.sitcen.kz» жүйесі Түркістан өңірінде қолға алынып, бүгінде жалпы орта білім беру ұйымдарының педагогтарын жұмысқа қабылдау мен мектеп директорларын конкурстық тағайындау барысы автоматтандырылғаны мәлімделді.
Жиын соңында жемқорлықтың алдын алу қарқынын арттыру мақсатында Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаменті мен аталған басқарма бірлесе отырып, алдағы уақытта сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарын жүргізетіні және белгілі бір мерзімге құрылған нақты жоспардың аясында ауқымды шаралар атқаратыны атап өтілді.