Түркістан: “Парасат жолы” орталығы елімізде алғаш рет музейде ашылды
Қоғамда адалдық атмосферасын қалыптастыру мақсатында қолға алынған бірегей бастама – “Парасат жолы” орталығы тұңғыш рет Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ашылып, соған орай “Кітапхана мен музей – егіз” тақырыбында келелі басқосу болып өтті.
Игі шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай мен облыстық «Парасат жолы» орталығының және кітапхана мен музейдің жетекшілері, қаламгерлер, ардагерлер, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен кітап сүйер жастар қауымы қатысты.
Құнды жәдігерлермен жинақталған және жүз бір жылдық тарихы бар музейдің экспозициясымен танысқан Мирас Асқарбайұлы өз сөзінде “Адалдық алаңы” жобасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы “Парасат жолы” орталығы елімізде алғаш рет музейде ашылғанын және бұл бастаманың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатты сәтті жүзеге асыруда айрықша рөлге ие екендігін жеткізді.
Айта кетсек, музей төрінен орын алған орталық алдағы уақытта әлеуметтік індеттің жолын кесуге ықпал етіп, парасаттылық идеологиясын көпшілік ортада жаңғыртуға өзіндік септігін тигізбек.