«Nur Otan»: Ордабасы аудандық филиалының Төрағасы сайланды
Бүгін Ордабасы ауданының орталығы Темірланда «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс ХLVІ конференциясы өтті. Жиынға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық Саяси кеңес бюросының мүшесі, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев, аудандық мәслихат хатшысы, депутаттық фракцияның мүшелері, бастауыш партия ұйымдарынан ұсынылған делегаттар қатысты.
Келелі кеңесте бас партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары сөз алып, партияластар алдында «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламаны орындау міндеті тұрғанын жеткізді. Бұл ретте депутаттар мен жергілікті атқарушы органдарға үлкен жауапкершілік жүктелгенін, ел сенімін ақтау бағытында тоқтаусыз жұмыс жүретінін айтып өтті.
Конференцияның күн тәртібінде 3 мәселе қаралады. Әуелі «Nur Otan» партиясы Ордабасы аудандық филиалының төрағасы болып Ордабасы ауданының әкімі Батыршаев Бағлан Дәнебекұлы сайланды.
Сол жиын соңында қуанышты оқиға болды. Алдымен «Nur Otan» партиясы Ордабасы аудандық филиалының жаңа ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ғимараттың лентасын партия ардагері Бостандық Жәкей мен партияның Ордабасы аудандық филиалының төрағасы Бағлан Батыршаев қиып, жұртшылықты құттықтады.
Демеушілер есебінен салынған ғимаратта халықпен тығыз байланыста жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалған. Қоғамдық қабылдау бөлмесі, қажетті инфрақұрылымы бар. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев әріптестерінің жұмысына сәттілік тілеп, ел сенімін ақтайтындарына сенім білдірді. Сонымен бірге демеушілер тарапынан Nur Otan» партиясы Ордабасы аудандық филиалына автокөліктің кілті тапсырылды.
Алқалы жиында «Nur Otan» партиясы Ордабасы аудандық филиалы саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстары туралы есебі және алдағы жоспарлары тыңдалды.
Аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Әлиасқар Бердімұратов филиал тарапынан тұрғындардың талап-тілектерін ескере отырып, ауқымды жұмыс атқарылғанын мәлімдеді. Баяндамашының айтуынша Жол картасына сәйкес Ордабасы ауданы көлемінде ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнес, инфрақұрылым, құрылыс саласында жұмыс өнімділігі артқан.
«Шағын және орта бизнес субъектілері санын 10,7 мыңға жеткізу жоспарланса, жыл басынан бері бұл көрсеткіш (11,2 мың) артығымен орындалған. Осылайша ауданда 15,5 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бадам ауыл округінде «Александровский сад» ЖШС-нің 1500 тонналық көкөніс сақтау қоймасы іске қосылып, 30 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауыл шаруашылығына қажетті су жеткізу бойынша жыл басынан бастап 38 каналдың 181,8 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген. Жетекші партияның аудандық филиалына келіп түскен өтініштер негізінде Бадам елді мекеніндегі Орда мөлтек ауданында ауыз су құрылысы мен электр желілері тартылды. Сондай-ақ 4 елді мекенде ауыз су құрылысы жұмыстары аяқталды», – дейді аудандық филал төрағасының бірінші орынбасары.
Биыл ауданда сүйіншілеп айтар жаңалықтың бірі – ауыл, елді мекендерге газ құбырлары тартыла бастады. 6 елді мекенге көгілдір отын жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек 19 елді мекенге газ тарту бойынша республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге әзірлік басталған. «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламада білім саласына да баса назар аударылған. Соның дәлелі ретінде аудан көлемінде 2021 жылы 6 мектеп құрылысы жоспарланып, 5 елді мекенде құрылыс жұмыстары қолға алынған. 1 мектептің мемлекеттік сатып алу конкурсы (Аққойлы) өткізіліп жеңімпазы анықталған.
Конференцияның күн тәртібіндегі екінші мәселе 2021 жылдың 25 шілдесінде өтетін ауыл әкімдерін сайлауға Төрткүл ауылдық округінің әкімдігіне партия атынан ұсынылатын кандидатты нақтыланды. Партия мүшелері Нұрлан Сапаровтың кандидатурасын қолдады.
Жиында «Nur Otan» партиясы Ордабасы аудандық филиалы Саяси кеңесінің құрамы бекітіліп, Түркістан облыстық филиалының есеп беру-сайлау конференциясына делегат сайланды. Сонымен қатар конференция делегаттарының қатысуымен Саяси кеңес бюросының құрамы бекітілді.
Конференциядағы күн тәртібіндегі барлық мәселе қабылданып, тиісті қаулы қабылданды.
Ордабасы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі