Жарияланымдар

Қазақстанда алкоголь өнімдерін сатуға шектеу қойыла ма?

Премьер-министр Олжас Бектенов НПК фракциясы депутаттарының алкоголь өнімдерін сатуға шектеу қою туралы, атап айтқанда оны кешкі 20:00-ден кейін сатуға тыйым салу жөніндегі ұсынысына жауап берді,- деп хабарлайды saraptime.kz

Депутаттар өз сауалында ІІМ статистикасын келтірген. Ведомство деректеріне сәйкес, алкогольдік мас күйде әрбір екінші кісі өлтіру, әрбір үшінші ұрлық жасалады, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық сипаттағы құқық бұзушылықтардың, жол-көлік оқиғалары мен бұзақылық әрекеттердің едәуір бөлігі алкогольмен байланысты.

Осыған байланысты мынадай ұсыныстар айтылды:

  • балалар мен білім беру мекемелерінен 100 метр радиуста алкоголь сатуға тыйым салу;
  • алкоголь сататын сауда нүктелерінің санын шектеу;
  • өнімге цифрлық таңбалау енгізу;
  • дүкендерде алкоголь сатуды кешкі 20:00-ден кейін, ал кафе мен мейрамханаларда 22:00-ден кейін тоқтату;
  • алкогольдің онлайн сатылуына тыйым салу;
  • жастар арасында алкоголизмнің алдын алу бойынша цифрлық және медиа форматтарды пайдалана отырып бағдарламалар әзірлеу.

Үкімет алкоголь айналымын есепке алу қазірдің өзінде бақылау маркалары мен ақпараттық жүйелер арқылы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Цифрлық таңбалау бизнес өкілдерінің дайындығы мен пилоттық жобалардың нәтижелерін ескере отырып, кезең-кезеңімен енгізілетін болады.

«Қазіргі уақытта жасқа, уақытқа және аумаққа қатысты шектеулердің сақталуын мемлекеттік бақылауды күшейтуге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Қоғамдық орындарда алкоголь ішуге тыйым салу, сондай-ақ оны сату уақыты мен шарттарына қатысты шектеулер бар. Сонымен қатар, ойын-сауық орындарын қоса алғанда, нысандардың жұмыс режиміне қойылатын талаптарды нақтылау және нормативтік реттеуді жетілдіру жұмыстары жүргізілуде», – деп хабарлады премьер-министр депутаттардың алкоголь сату орындары мен уақытына шектеу қою туралы ұсынысына берген жауабында.

Алкогольді қашықтан сату мәселесіне қатысты Үкімет басшысы бұл тақырып қолданыстағы шектеулер мен тәуекелдерді ескере отырып қарастырылып жатқанын айтты. Атап айтқанда, айналымды бақылау, жас шектеулерін сақтау және сатып алушыларды сәйкестендіру маңызды. Талқылау қорытындысы бойынша заңнаманы жетілдіруге бағытталған ұсыныстар дайындалады.

Үкіметте қоғамдық денсаулықты қорғау және алкогольге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу әлеуметтік, экономикалық және халықаралық факторларды ескере отырып, басым бағыт болып қала беретінін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button