Ресейде WhatsApp-қа ресми түрде тыйым салынды
WhatsApp мессенджерінің домендік атауы Ресей Федерациясының Ұлттық домендік атаулар жүйесінің (НСДИ) жазбаларында енді тіркелмейді,- деп хабарлайды saraptime.kz
Берілген мәліметтерге сәйкес, қазіргі уақытта қосымшаға тек VPN арқылы ғана кіруге болады. 10 ақпанда НСДИ базасынан YouTube-ке қатысты деректер де жойылғаны атап өтіледі. Ресейлік интернет-провайдерлерде Youtube.com домені Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникациялар саласындағы қадағалау жөніндегі федералдық қызметтің (Роскомнадзор) DNS-серверлерінен толықтай жоғалғаннан кейін, реттеуші жүйесінде WhatsApp.com мекенжайы да көрінбей қалған.
Салалық сарапшылардың пікірінше, мұндай өзгерістер сервистің Ресей аумағында түпкілікті бұғатталғанын білдіреді. Бұған дейін ұқсас жағдай YouTube-пен болған: платформаның жұмысы жай ғана баяулатылып қоймай, толықтай тоқтатылған. Мамандардың болжауынша, осылайша Роскомнадзор Telegram қызметінің жұмысына қарсы іс-қимыл жасау үшін ресурстарды қайта бөлуде.
