Халықтық Конституция – қоғам талқысында

Жезқазғанда С. Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының мүшелері Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды saraptime.kz
Делегацияны ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастап келді. Кездесуге сондай-ақ депутаттар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері, қоғам қайраткерлері, заңгерлер, білім беру саласының мамандары және өңір тұрғындары қатысты.
Жиында Премьер-министрдің орынбасары Жаңа Конституция жобасында білім беру, ғылым, мәдениет және инновацияларды дамытуға, сондай-ақ ұлттық бірегейлік пен тарихи-мәдени мұраны сақтауға бағытталған нормаларға ерекше назар аударды.
«Жаңа Конституцияда ұлттық мәдениетті дамыту, тарихи-мәдени мұраны сақтау сияқты мәселелер де нақты көрініс тапқан. Мұның бәрі ұлттық болмысымызды сақтауға және рухани құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды қадам деп білемін. Жоба аясында білім беру, ғылым, мәдениет және инновация салаларын дамытуға ерекше назар аударылады. Өйткені қазіргі заманда адам капиталы – кез келген елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы. Қуатты мемлекеттің тірегі – озық ойлы ұлт, дамыған мәдениет және жоғары зияткерлік әлеует», – деді Үкімет басшысының орынбасары.



