Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы жарыс осы уақытқа дейінгі ең ауқымды кезең болды. Іріктеу сайысына 28 елден 1500-ге жуық оқушы қатысқан. Солардың ішінен үздік нәтиже көрсеткен командалар Алматыдағы финалда бақ сынау мүмкіндігіне ие болды.
Қатысушыларға ұсынылған тапсырмалар теориялық біліммен шектелмей, IT индустриясында кездесетін нақты мәселелерді шешуге бағытталды. Бұл оқушылардың алгоритмдермен жұмыс істеу, деректерді саралау және тиімді технологиялық шешімдер әзірлеу қабілетін тексеруге мүмкіндік берді.
FAIO 2026 олимпиадасының бас серіктесі ретінде activ брендімен танымал «Кселл» АҚ қолдау көрсетті.
«FAIO үш жыл ішінде жергілікті бастамадан әлемнің әр түкпіріндегі жас таланттарды біріктіретін елеулі халықаралық алаңға айналды. Мұндай жобаларды қолдау Қазақстанда және шетелде технологиялар мен цифрлық экономиканы дамытатын мамандардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етеді», — деп атап өтті «Кселл» АҚ корпоративтік байланыстар бөлімінің басшысы Байрам Азизов.
Жобаның бастамашылары — AI саласының сарапшылары Қуаныш Өтеу мен Әділхан Тоқтағанов. Олар олимпиаданы халықаралық деңгейге шығаруға және жасанды интеллект саласындағы болашақ мамандарды ерте анықтауға мүмкіндік беретін алаң құруға үлес қосты.
FAIO-ның негізгі мақсаты — оқушылардың инженерлік ойлауын, зерттеушілік қабілетін және заманауи технологияларға қызығушылығын дамыту. Олимпиада есептерін тәжірибелі мамандар мен зерттеушілер дайындайды, ал шешімдер олардың тиімділігі мен қорытынды нәтижелерінің сапасына қарай бағаланады.