Жарияланымдар

Сауран археологиялық ескерткіштер кешені

Сауран археологиялық ескерткіштер кешені алты нысандар тобынан тұрады.

Сауран археологиялық ескерткіштер кешені алты нысандар тобынан тұрады. Олар Қаратөбе-Сауран, кейінгі ортағасырлық Сауран және Жаңа Сауран сияқты қалалардан, Міртөбе қонысынан, 250 кәріздер мен канал, арық, бақтар және егіс танаптарынан, 350 қоныс-жайлардан, (усадьба) мазараттардан тұрады. Бұл ескерткіштердің өмір сүру кезеңдеріне келсек ең алғашқысы деп Қаратөбе-Сауранды айтамыз, оның ең төменгі құрылыс қабатына жеткен қазба әлі түсірілген жоқ. Жер бетінен теріліп алынған және іргесін су шайып төменгі құрылыс қабаты ашылып қалған жерлерден жиналған керамика бөлшектері ІV-V – ХІІІ-ХІVғғ. жатады, алайда бұл алдын ала шартты түрде мерзімдеу. Біз Қаратөбе-Сауранның ең көне бөлігі оның ортасына орналасқан төрт бұрышты цитаделінің астында жатқан болуы керек деп есептейміз. Сонымен бірге, ескерткіштің өмір сүру кезеңін де ІV-ХІVғғ. деп емес, б.з.д. ІІ-Іғғ. – ХІVғ. деп түзеткен жөн, себебі қаланың көне бөлігі Ұлы Жібек жолының алғаш рет осы тұстан өткен бағыты қалыптасқан б.з.д. ІІ-Іғғ. өмірге келген. Егер «Түркістан оазисінің ерте және кейінгі ежелгі дәуірдегі қалалары мен қоныстары» атты археологиялық картаға үңілсек Қаратөбенің сол жағында бір фарсақ (6-7км тең) жерде Ақтөбе-Сауран І, ІІ бекініс қалашықтары орналасқан, бұл екеуі де б.з.д. І ғасырдан б.з. ІV-Vғғ. арасында өмір сүрген, ал, Қаратөбенің оң жағында екі фарсақ (14км) жерде ежелгі Шорнақ қаласы, одан әрі тағы екі фарсақ (12, 5км) жерде Сидақ ата қаласы орналасқан. Шорнақ та б.з.д. І ғасыр мен б.з. ІV-VІғғ.арасында өмір сүрген, ал Сидақ ата қаласының СБ беткейіне түсірілген қазба қала қорған қамалының үстінен түсіп, қорған іргесі І ғасырда қаланып, VІІІғ. дейін үш рет қайта салынып, биіктігі 20 метрге дейін өскенін көрсетті. Ал, қаланың қорған ішіндегі мәдени қабаты бұдан да ерте – б.з.д. ІІ-Іғғ. көрсететініне біз сенімдіміз. Сидақ ата мен Ясы-Түркістанның ортасында Оқжетпес бекінісі жайғасқан. Ол Сидақ атадан бір фарсақ (6,5км), Ясыдан екі фарсақ (14км) жерде тұр, Иасыдан әрі қарай (Шымкент бағытында) бір фарсақ жерде (7км) Төрткүлтөбе бекінісі, одан әрі қарай екі фарсақтан аса жерде (15км) Майбалық қаласы орналасқан. Бұл бекіністердің мерзімделуіне келсек – Оқжетпес б.з.д. Іғ.-б.з. ІV-Vғғ., Иасы б.з.д.ІІ-Іғғ.- б.з ХІV-ХІХғғ., Майбалық б.з.д. ІІ-Іғғ. -–б.з. ІV-VІІІғғ. аралығында өмір сүрген, ал, Төрткүлтөбе бекінісінде ешқашан қазба жүргізілмеген, алайда, оның мерзімделуі жоғарыдағы ескерткіштермен шамалас екендігіне сенімдіміз. Археологиялық картада бұл ескерткіштер бір түзудің бойында (Ұлы Жібек жолы) әрбір 6-7км мен 12-14км қашықтықта орналасқан №1-сурет  Ұлы Жібек жолы бойындағы бекіністердің (форпост) ара қашықтығы бір, екі фарсақтан болуы ауыр жүк тиеген керуендердің түйелерін және аттарын әрбір 12-14 шақырымда бір шалдырып, суарып, аяғынан жарақат алған не ақсаңдап қалған көліктерін ауыстырып, жүгін қайта тартып барып әрі қарай қозғалған. Егер кеш батып бара жатса жүктерді түсіріп қонатын болған, себебі түнде шабуыл жасайтын қарақшы-баукеспелер ол заманда көп болатын, әсіресе өзен өткелдерінде, қалың жыныс тоғайларда керуендер көп зардап шегетін-ді. Сондықтан, әрбір бекіністе қарулы әскерлер тобы тұратын, олар керуендерді келесі ат шалдыратын бекініс-бекетке дейін жеткізіп салып отырған. Бекіністер негізінен өзендер мен жылғалардың жағасына салынған, мысалы: Ақтөбе-Сауран бекінісі – Тастақсай өзені бойында, Қаратөбе-Сауран қаласы – Майдантал, Шорнақ қаласы – Игілік, Сидақ ата қаласы – Аша, Оқжетпес бекінісі – Қарсақты, Ясы қаласы – Тастақ, Төрткүл бекінісі – Шаға өзені бойында, ал, Майбалық қалашығы Атқы (Иқансу) өзені жағасына орналасқан. Бұл, уақыт өте келе, осы маңда егіншілікпен айналысатын халықтардың бекіністердің іші-сыртына, айналасына жақын қоныстауына ықпал етті, себебі, жау келе қалса бекініске жасырынуға, ондағы әскерге арқа сүйеуге, түрлі жұмыстарын атқарысуға мүмкіндік мол болды. Осылайша кешегі кішігірім бекіністер қоныстарға, қалаларға, тіпті Түркістан, Иқан, Сидақ ата, Қаратөбе сияқты аса ірі қалаларға дейін өсіп ұлғайды. Мұның ішіндегі Қаратөбе  тұрғындары ХІV ғасырда кейінгі бекіністі Сауранға көшіп, ХVІІІғ. одан оңтүстікке қарай 10 шақырым жердегі Ашылған өзені бойына Жаңа Сауран қаласын салып сонда көшеді де, мұнда 1930-шы жылдарға дейін тұрақтайды және атақты «Сауран мал базарын» қалыптастырады. Күз айларында бұл базарға бүкіл Орта Азиядан, Ресейден, тауарлар түсіп, Созақ, Мойынқұм, Сарыарқадан есепсіз мал келіп саудаға салынатын. Ясы да ХІVғ. кесененің батыс бетінен салынған көлемі 34 гектарлық жаңа мекенге көшіп қонады да ХІХғ. 88,7 гектарлық мегополиске айналады, ал оны қоршаған рабады 1000 гектарға жетіп оның сыртынан 70 бақ қоршап тұрған.                                                                                         Майбалық VІІІғ. араб шапқыншылығы кезінде қирап, халқы үш шақырым жердегі Иқанға көшеді де ХVІІІғ. Ұлы жүз ханы Тұрсын хан мен оның ұлы Барақ ханға астана қызметін атқарған ірі қалаға айналады.                    Осы Ұлы Жібек жолы бойындағы Ақтөбе-Сауран, Шорнақ, Сидақ ата, Оқжетпес, Ясы, Майбалық ескерткіштерінің барлығы зерттеліп б.з.д ІІ-Іғғ. қалыптасқандығы дәлелденді, қалған Қаратөбе-Сауран мен Төрткүлдің дәл мерзімін анықтау таяу жылдары іске аспақ. ХІХғ. аяғы-ХХғ.басында салынған Орынбор-Ташкент темір жолы да осы Ұлы Жібек жолы бойымен Түркістанға дейін келіп, осы жерден оңтүстікке қарай (Арыс-Ташкент бағыты) бұрылады. Ақтөбе-Сауран тұсында Сатымсай разьезі орналасқан, одан 9км төмен қарай Қаратөбе-Сауран қаласына жақын 30-шы разьезд, тағы 8км жерде Сауран разьезі, одан 9км соң Шорнақ стансасы, 10км соң 32-ші разьезд, ендігі 7км-де Түркістан стансасы орналасқан, ал, Түркістаннан Арысқа дейін 10 разьезд, бір станса (Темір) жайғасқан, бұлардың да ара қашықтығы 7,8,9,10 км-ден аспайды. Орта ғасырлар өлшемімен есептесек бір, бір жарым фарсақ сайын бір бекет, бұл сол заманғы паравоздар сүйреген составты қосалқы жолға тоқтатып, қарсы келе жатқан составты өткізіп жіберу үшін жасалған және паравоздарға су құю, көмір тиеу үшін де қажет болған, яғни, ортағасырлық керуендерге бекініс-қалашықтар қалай қызмет атқарса бұлар да паравоз-керуендерге сондай қызмет көрсеткен. Шын мәнінде бүгінгі жаңалық кешегі ұмытылған болмыстың көлеңкесі ғана.

Қаратөбе-Сауран қаласы

Қала жайлы алғашқы дерек Хғ. өмір сүрген географ әл-Мақдиси (Муқадиси), әл-Истахри, Ибн Хаукал, ХІғ. өмір сүрген Махмұд Қашқари, ХІІІғ. авторлары әл-Асир, Якут әл-Хамави, армян патшасы Гетумның жолжазбасында кездеседі. ХV-ХVІғғ. Деректер Сауранның екінші кезеңі кейінгі ортағасырлық, қорған қамалы сақталған үлкен Сауранға қатысты.              ХІVғ. бірінші жартысында Сауран Ақ Орданың астанасы болғандығы жайлы деректер мен оның билеушісі Сасы Бұқаның осында жерленуі Қаратөбе-Сауранға қатысты екендігі түсінікті. Алайда, бұл тұста – ХІІІғ. соңғы ширегі мен ХІVғ. бірінші жартысында Үлкен Сауранның құрылысы басталып та кеткен болатын. Сірә, Сасы Бұқа 1320ж. қайтыс болған соң Қаратөбе-Сауран маңындағы Сәдуақас ата, Жалаулы ата және Сарай ата мазарларыың біріне жерленген болуы керек, ал, оның ұлы Ерзен хан салғызған (1320-1345жж.билік құрған) тарихтан белгілі құрылыстар – мешіт, медресе, ханакаларын Үлкен Сауранға салдырған деп есептейміз. Қаланың жаңа орынға (СБ-қа қарай 3км жерде) көшіп қонуы ХІVғ. табиғи құбылыс – Каспий суының көтерілуі мен Арал суының тартылуы салдарынан болғандығын бүгінде ғалымдар дәлелдеп отыр. Мұны ғылымда Каспийдің трансгрессиясы мен Аралдың регрессиясы деп атайды. Жер шарының геологиялық тарихында негізінен таулардың түзілуіне байланысты мұндай құбылыстар есепсіз көп болған. Жер қабатының тектоникалық қозғалысы белгілі бір аймақтың өзінде-ақ үлкен өзгерістерге әкеп соғатыны белгілі. Каспий мен Арал суларының бір-біріне қарама-қайшы әсер ететіні белгііл, яғни,  бірінің суы көтерілсе екіншісі төмен түседі. ХХғ. 60 жылдарынан бері бұл құбылыс үздіксіз жүріп келеді. ХІVғ. басталған Каспий трансгрессиясы (суы көтерілуі) мен Арал регрессиясы (тартылуы) ХVІғ. дейін тоқтамай, сол тұстағы жазба деректерде Арал теңізінің тартылғаны сонша теңіз батпаққа айналып кеткендігі айтылады. Тап осы кезеңде тартылған жерлерді ел қоныс етіп, кесенелер, мазарлар пайда болады. Сырдария мен Әмудария өз арналарын үздіксіз өзгертіп отырған, мысалы, алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінде Сырдария Қызыл Ордадан төменірек тұста кілт батысқа бұрылатын Іңкәрдәрияның арнасымен, ерте ежелгі дәуірде сәл жоғарырақ түскен Жаңадария арнасымен, кейінгі ежелгі дәуір мен ерте орта ғасырларда Көне Қуаңдария арнасымен (Жетіасар мәдениеті мен Асарлар атты қалалар үстімен), ал, ХІІ-ХVІғғ. Қайтадан Жаңадария арнасына түседі. Әмудария мен Сырдария ежелгі дәуірде (б.з.д. VІ-ІІғғ.) Арал теңізінің Оңтүстік-шығысында Әмудің Ақшадария саласымен Сырдың Жаңа дариясы қосылып бір теңізге Аралға құйылған. Каспийдің суының ХІVғ. екінші ширегінде көтерілуі себепті солтүстік жағаға жақын қалалардың біразы орын ауыстыруға мәжбүр болды. Алтын Орданың Еділ өзені бойындағы ірі қалалары, астанасы Сарай Берке жаңа орынға көшіп Сарай әл-Жадид (Жаңа Сарай) деп аталды.                         Ал, Сыр бойындағы, әсіресе орта ағысындғы қалалар Арал теңізінің тартылуы салдарынан зардап шекті. Бұрындары суы мол дариядан каналдар тартып, Қаратаудан аққан өзеншелер, жылғалар, бұлақтар суын пайдаланып келген қалалар мен қоныстар су тапшылығына тап келді. Жер асты сулары төмен түсіп, табиғат куаңшылық жағдайға ұшырап, егіншілікпен айналысатын қала, қоныс тұрғындары әлі де аздап суы бар, жер асты суын кәріз жүйесімен жер бетіне шығаруға мүмкіндігі бар тау өзендері мен жылғаларына жақын көшіп қонды. Мұндай жағдайды Түркістан шұратындағы Сауран, Қарашық, Қарнақ, Иқан, Құшата, Оранғай қалалары мен қоныстар кешендері бастан кешіп орын ауыстыруға мәжбүр болды. Алайда, ХVІ-ХVІІғғ. жазба деректерде Үлкен Сауранның айналасы кәріздер арқылы-ақ суарылып, өзеншелер қайта суы молайып, қалың ағашты, бау, бақша, егістік басқан жайлы жерге айналғанын жазба деректерден көреміз.                                          Қаратөбе-Сауран қаласының ең сыртқы қорғаны төбе жиегінен есептегенде 700-1000м жерден төбені қоршай орналасқан, бұл әл-Мақдиси жазып кеткен қаланы қоршаған жеті қорғанның ең сыртқысы болуы керек. Оның қоршаған аумағының көлемі 252 гектар шамасында, бұл қаланың «рабад» деп аталатын бөлігі, мұнда қала тұрғындары бау-бақшамен, егіншілікпен айналысқан. Бұл территориямен солтүстіктен екі терең жылға, бір кәріз жүйесі өтеді. Қорғанның жалпы ұзындығы 5км 400 метрге тең. Екіншісі қорған емес биік дуал, негізгі төбеден 150-200-80м қашықтықта бес бұрышты геральдикалық қалқан формасын қалыптастыра орналасқан. Жалпы көлемі 34 гектар (630х550м), бұл да ішкі рабад, жері ойпаттау, егістік іздері, құрылыс қирандылары байқалады (№2 фото). Дуал ұзындығы 1980м тең болған. Үшінші қорған қамал қаланың өзін (төбені) қоршай оның жиегімен өткен. Бұл қаланың шахарістан бөлігі, жалпы көлемі 7,5 га, қаланы қоршаған су толған ормен қосқанда 9,8га. Ордың жиегін кеңейтіп саз балшық (құрылысқа) ала берген соң ені шығыс бетінде 50-80м дейін жетіп, сайға айналып кеткен. Қалаға енетін үш қақпа ізі сақталған. Қорған қамал ұзындығы 820 метр. Төртінші қорған қала шахарістанының ортасына орналасқан цитаделді (арк, крэмле, орда) қоршай салынған, өлшемдері 100х115м (1,1га). Шахарістанның айнала қоршаған жазықтықтан биіктігі 4-5м, ал, цитаделі 8-10м жетеді. Қала билеушілері Қаратөбені тастап (3км) солтүстік беттен Үлкен Сауранды салуды 1320-1345жж. арасында бастағанына цитадель сыртына 2003ж. түсірілген археологиялық барлау қазбасы көрсетіп берді. Мұндағы қазба цитаделдің срытын қоршап ұзақ жылдар бойы қала тұрғындары күл, қоқыс төгіп келгендігін көрсетті, оның қалыңдығы 4 метрге жеткен, сірә, құрылысты қоршаған терең ор да, құрылыс та күлмен көмілген сияқты. Ал, қала халқының Үлкен Сауранға көшуі ХІVғ. екінші жартысынан аяғына дейін созылған, тіпті, ХVғ. басындағы шырағдан фрагменті мұндағы халықтың көшуі тым ұзаққ созылғандығын көрсетеді.

Марат ТҰЯҚБАЕВ, т.ғ.к, археолог,

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік

тарихи-мәдени қорық-музейі»

Басқа жаңалықтар

Back to top button