Елімізде ақпаннан бастап мотор майы қымбаттайды

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда автокөлікке қызмет көрсету айтарлықтай қымбаттайды,- деп хабарлайды saraptime.kz
«Информбюро» мәліметінше, бұған мотор майларын міндетті түрде таңбалау талаптарының енгізілуі себеп болып отыр. Бұл жаңа шаралар бағаның бұрыннан басталған өсуіне қабаттасуда: жыл басынан бері техникалық сұйықтықтардың бағасы орта есеппен 16%-ға қымбаттаған.
Мотор майлары неге қымбаттап жатыр?
Бағаның өсуінің басты себебі — бақылау-идентификациялық белгілерді енгізу. Әрбір белгінің құны шамамен 5 мың теңгені (ҚҚС-сыз) құрайды, алайда бизнестің негізгі шығындары өндірістік және логистикалық процестерді қайта жабдықтауға кетпек.
Кәсіпкерлер әрбір канистрге QR-код жапсыруға мәжбүр болады, ал бұл қосымша уақыт пен қаржыны талап етеді. Сарапшылардың болжамынша, бұл шығындар түпкілікті өнім бағасына қосылып, бағаның тағы да өсуіне әкеледі.
«Әрбір тауар позициясын осы штрих-кодпен немесе QR-кодпен жапсыру қажет болады. Бұл — шығын, уақыт. Қалай болғанда да, бұл өнімнің соңғы бағасына әсер етеді», — деп пікір білдірді «Oil Bar» компаниясының тең құрылтайшысы Тимур Досщанов.



