Жарияланымдар

Жастар арасындағы ред флаг пен грин флаг деген не?: психолог жауап берді

Соңғы уақытта заманауи психология өзектілігі қарқынды артып келеді. Осы орайда saraptime.kz сайтының тілшісі Nazarbayev University психологы Сымбат Нұртазақызымен сұхбаттасты,- деп хабарлайды saraptime.kz

Соңғы жылдары жастар арасында “red flag” және “green flag” деген терминдер кеңінен қолданылып жүр. Психология бұл құбылысты қалай түсіндіреді?

– Бұл құбылысты психология бірнеше деңгейде түсіндіреді. Біріншіден, red flag және green flag ұғымдарының кең таралуы жастардың қарым-қатынаста эмоционалдық қауіпсіздікке деген сұранысының артқанын көрсетеді. Бұрынғы кезеңдерде адамдар қарым-қатынастағы қолайсыз мінез-құлықты “шыдау керек”, “үйреніп кетеді” деген түсінікпен қабылдаса, қазіргі жастар қауіпті белгілерді ерте байқауға тырысады.

Ғылыми тұрғыдан алғанда, бұл ұғымдар байланыс теориясымен (attachment theory) тікелей байланысты. Джон Боулби мен Мэри Эйнсворттың зерттеулерінде адамның ересек өмірдегі қарым-қатынасы оның бала кезіндегі эмоционалдық байланыс тәжірибесіне тәуелді екені дәлелденген. Егер адам бала кезінде тұрақсыз, қауіпсіз емес ортада өскен болса, ол ересек өмірде бақылау, қызғаныш, эмоциялық салқындық немесе керісінше шамадан тыс тәуелділік сияқты мінез-құлықтарды қалыпты деп қабылдауы мүмкін.

Red flag деп аталатын белгілер көбіне ғылыми әдебиетте эмоционалдық зорлық-зомбылықтың бастапқы көріністері ретінде сипатталады. Мысалы, серіктесті кінәлау, эмоциясын жоққа шығару, үнемі бақылау, шешім қабылдауда үстемдік ету бұлар халықаралық зерттеулерде қарым-қатынастағы психологиялық қауіп факторлары ретінде көрсетілген.

Ал green flag адамның эмоционалдық жетілуін, жауапкершілігін, эмпатиясын, өз шекарасын және өзгенің шекарасын құрметтей алуын білдіреді.

Дегенмен, практикалық психологияда бір маңызды нюанс бар. Қазіргі жастар кейде red flag ұғымын өте үстірт және қатаң қолдана бастады. Ғылыми психология адам мінез-құлқын бір ғана белгімен бағалауға болмайтынын айтады. Кез келген мінез-құлықтың артында даму тарихы, стресс, тәжірибе, үйренілген модельдер тұрады. Сондықтан red flag адамды бірден “жарамсыз” деп шығару үшін емес, ойлануға, шекара қоюға және диалог құруға сигнал болуы керек.

– Қазіргі қоғамда отбасын сақтап қалу үшін психологиялық тұрғыда қандай амалдар маңызды деп есептейсіз?

– Заманауи психология отбасын сақтап қалу үшін эмоциядан гөрі дағдылардың маңызын алға тартады. Бұл әсіресе америкалық зерттеуші Джон Готтманның 40 жылдан астам уақыт жүргізген эмпирикалық зерттеулерінде айқын көрінеді. Оның деректеріне сүйенсек, ажырасудың негізгі себебі махаббаттың жоғалуы емес, қақтығысты дұрыс басқара алмау.

Бірінші маңызды амал эмоционалдық реттеу. Көп жағдайда ерлі-зайыптылар мәселені емес, өз эмоциясын “шешуге” тырысады. Ашумен айтылған сөз, қорғаныс позициясы, қарсы шабуыл қарым-қатынастағы сенімді әлсіретеді. Ал психологияда эмоцияны тану, атау және реттеу дағдысы отбасының психологиялық иммунитеті ретінде қарастырылады.

Екінші амал қақтығысты шешу емес, оны басқару. Ғылыми зерттеулер барлық отбасында қақтығыс болатынын көрсетеді. Бақытты отбасылар қақтығысты болдырмайтын емес, оны қауіпсіз формада өткізе алатын отбасылар. Бұл тыңдай алу, бір-бірін кемсітпеу, “сен әрқашан” немесе “сен ешқашан” сияқты жалпылаушы айыптаулардан бас тарту.

Үшінші маңызды аспект күтулерді қайта қарау. Қазіргі жастар дәстүрлі отбасылық модель мен заманауи өмір салтының ортасында қалып отыр. Көп қақтығыстар нақты мәселеден емес, айтылмаған күтулерден туындайды. Психологиялық тұрғыда жұптардың ашық түрде рөлдер, жауапкершілік, жеке кеңістік туралы сөйлесуі өте маңызды.

Төртіншіден, маманға ерте жүгіну мәдениетін қалыптастыру қажет. Зерттеулерге сәйкес, жұптардың басым бөлігі психологқа қарым-қатынас эмоционалдық тұрғыда “өліп” қалған кезде ғана келеді. Ал профилактикалық кеңес беру отбасын сақтап қалу ықтималдығын айтарлықтай арттырады.

– Қазіргі кезде коучтардың кеңесін тыңдау кең таралды. Бұл психологияға қалай әсер етеді?

– Бұл сұрақ өте өзекті. Ғылыми психология коучинг пен психотерапияның мақсаттары мен әдістері әртүрлі екенін нақты ажыратады. Коучинг болашаққа, мақсатқа, нәтиже мен мотивацияға бағытталған. Ал психология адамның ішкі психикалық құрылымымен, жарақатымен, эмоциялық тәжірибесімен жұмыс істейді.

Зерттеулер көрсеткендей, егер адамда өңделмеген психологиялық жарақат, созылмалы мазасыздық немесе депрессиялық күй болса, мотивациялық кеңестер кері әсер беруі мүмкін. “Өткенді ұмыт”, “өзіңді қолға ал”, “бәрі сенің ойыңда” деген кеңестер ғылыми тұрғыда эмоцияны жоққа шығару деп аталады. Бұл адамның өз сезімін қабылдауын қиындатып, кінә мен ұят сезімін күшейтеді.

Коучинг психологиялық тұрғыда тұрақты, өзін-өзі реттей алатын, нақты мақсат қойып отырған адамдар үшін пайдалы құрал болуы мүмкін. Бірақ оны психотерапияның орнына қолдану кәсіби қауымдастықтарда қате практика деп есептеледі.

– Жастар арасында бірлігі мығым отбасы құрылу үшін қандай психологиялық дайындық қажет деп ойлайсыз?

– Ғылыми психологияда отбасына дайындық жаспен немесе материалдық жағдаймен ғана өлшенбейді. Негізгі дайындық ішкі психологиялық жетілу.

Біріншіден, өзін тану. Адам өзінің триггерлерін, қорқынышын, ренішін түсінбей тұрып, тұрақты қарым-қатынас құра алмайды. Көп отбасылық дағдарыстар адамның өз мәселесін серіктесіне проекциялауынан туындайды.

Екіншіден, эмоционалдық сауаттылық. Сезімді тану, оны қауіпсіз түрде жеткізу, екінші адамның эмоциясын жоққа шығармау бұл некеге дейін қалыптасуы тиіс дағдылар.

Үшіншіден, отбасылық сценарийді түсіну. Ғылыми әдебиетте бұл ұрпақаралық беріліс деп аталады. Біз көбіне ата-анамыздың қарым-қатынас моделін санасыз түрде қайталаймыз. Мұны түсіну сол қателіктерді қайта жасамаудың ең тиімді жолы.

Төртіншіден, жауапкершілік пен ұзақ мерзімді ойлау. Отбасы тек сезім мен романтика емес, бұл жүйе, бейімделу, кейде қиын кезеңдерден өту. Жастар осыны ерте түсінгенде ғана психологиялық тұрғыда берік отбасы қалыптасады.

– Сұхбаттасқаныңызға көп рақмет!

Басқа жаңалықтар

Back to top button