Германияда жерлеу орнының орнынан жерасты туннель табылды

Германияның Саксония-Анхальт федералдық жеріндегі Райнштедт ауылы маңында археологтар жел энергетикасы нысандарын салу алдындағы қазба жұмыстары барысында шамамен 6 мың жылдық неолит дәуіріне жататын жерлеу кешенінің ішінде қазылып жасалған сирек ортағасырлық жерасты тоннелін анықтады. Бұл туралы Arkeonews журналы жазды,- деп хабарлайды saraptime.kz
Дорнберг төбесінде жүргізілген зерттеулер бұл аумақтың 4 мың жылдан астам уақыт бойы ритуалдық маңызға ие болғанын көрсетті. Мұнда б.з.д. IV ғасырға жататын Баальберг мәдениетінің трапеция пішінді оры, нашар сақталған неолиттік жерлеулер, сондай-ақ болжам бойынша қола дәуіріндегі қорған іздері анықталған. Осындай тарихи қабаттардың аясында неолиттік ордың ішінен тікелей ойылып жасалған кейінгі ортағасырлық жерасты құрылысы ерекше назар аудартты.
Анықталған нысан эрдштал болып шықты — бұл кейінгі орта ғасырларға тән, тар жерасты жолдарының жасанды жүйесі. Мұндай құрылыстар Солтүстік Германияда өте сирек кездеседі. Олардың нақты мақсаты әлі күнге дейін ғылыми пікірталас тудырып келеді: кей зерттеушілер оларды қауіп төнген кезде паналайтын орын десе, басқалары ритуалдық немесе символикалық мәні болған деп есептейді.
Алғашында бұл нысан созылыңқы жерлеу орны деп қабылданған, алайда кейінгі қазбалар оның жерасты тоннелі екеніне тән белгілерді анықтады: қабат-қабат толтырылған топырақ, ортағасырлық керамика сынықтары, тастар және сақталған қуыс кеңістіктер. Тоннельдің биіктігі шамамен 1–1,25 метр, ені 50–70 см, ол солтүстік-батыс бағытқа қарай иіле созылып жатыр.
Кіреберіс бөлігінде ойылып жасалған баспалдақ пен қабырғадағы ойық бар, ал кейбір тұстары үшкір төбелі, екі жақты шатыр тәрізді жабынмен көмкерілген. Ішінен таға, кейінгі ортағасырлық керамика қалдықтары, түлкінің қаңқасы, ұсақ сүтқоректілердің сүйектері және жұқа көмір қабаты табылған.
Топырақта қатты күйдіру іздерінің болмауы оттың қысқа уақыт қана пайдаланылғанын көрсетеді. Кіреберісте ірі тастардың шоғырлануы тоннельдің пайдаланудан кейін әдейі көміліп тасталғанын меңзейді.
Археологтарды әсіресе ортағасырлық тұрғындардың жерасты жолын салу үшін неліктен дәл осы көне неолиттік ескерткішті таңдағаны қызықтырады. Бір болжам бойынша, ор жер бедерінде әлі де айқын көрініп, ыңғайлы бағдар болған. Екінші нұсқаға сәйкес, пұтқа табынушылық жерлеулермен байланысты бұл орын халық тарапынан айналып өтілген, сондықтан көзге түспейтін, қауіпсіз паналау орны ретінде қолайлы болған.
Райнштедттегі бұл олжа — бір кеңістікте ежелгі, антикалық және ортағасырлық адам әрекетінің іздері қатар сақталған «қабатты» ландшафт тарихының сирек үлгісі. Зерттеулер жалғасып жатыр және бұл жаңалық ортағасырлық жерасты архитектурасын, сондай-ақ Орталық Еуропадағы киелі аумақтардың ұзақ мерзімді пайдаланылуын зерттеуге маңызды үлес қосуда.



