Сиыр етінің бағасы: Қазақстандағы шынайы нарықтағы баға деңгейі

Қазақстандық сиыр еті қандай бағамен сатылады? Бұл туралы бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты, – деп хабарлайды saraptime.kz.
«Фермерлер мал шаруашылығын жылдам әрі жоғары қарқынмен дамытуды қалайды. Олар экспорттық бағаның килограмына 10–12 мың теңге болуын қалайды. Бірақ бүгінгі таңда экспорттық баға еттің категориясына, майлылығына, жоғары, орташа немесе төмен қоңдылығына байланысты 4,5 – 6 мың теңге аралығында болып отыр.
Қазіргі уақытта ішкі нарықта тірі салмақтағы баға килограмына шамамен 1,6 мыңнан 1,8 мың теңгеге дейін жетеді. Бұрын бір кезде 2 мың теңгеге дейін болған, бүгін орташа есеппен 1,7 мың теңге шамасында. Ал ішкі нарықтағы дайын еттің бағасы 3–4 мың теңге аралығында», – деп түсіндірді министр.
Оның айтуынша, Үкімет тарапынан мал шаруашылығын дамыту бойынша кешенді жоспар қабылданған. 1 наурыздан бастап фермерлерге 6 пайызбен 7 жыл мерзімге жеңілдетілген кредит және айналым қаражатын толықтыру үшін 5 пайызбен 1 жылдан 15 айға дейінгі мерзімге кредит алу бойынша өтінім қабылдау басталады.
«Бұл бағдарлама 1 наурыздан бастап іске қосылады. Бағдарламаға барлық өңірлер бойынша қатысушылар туралы ақпарат жеткізілді және бұл жұмыс әрі қарай жалғасуда», – деп қорытындылады Айдарбек Сапаров.



