Түркістан облысында 16 мыңға жуық бозбала әскери есепке қойылады
Биыл Түркістан облысының жергілікті әскери басқару органдарында 17 жасқа толатын 16 мыңға жуық бозбаланы алғашқы әскери есепке қою жоспарланып отыр.
Болашақ Отан қорғаушылар мен олардың ата-аналары бұл іс-шараға түсіністікпен және жауапкершілікпен қарау керек. Жастар өздерінің тіркеу туралы куәлігін шақыру учаскесіне алады.
«Әскери есепке қою кешенді және өте маңызды рәсім. Әскери есепке алғаш тұрған жасөспірімдермен – жергілікті әскери басқару органдарының жеке құрамы Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарына түсу бойынша қосымша үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз», – деді Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев.
Жастарды алғашқы әскери есепке қою үшін қажетті құжаттар түгенделіп, әскери қызметке жарамдылығын растайтын медициналық тексеруден өтеді. Алғашқы әскери есепке қою қаңтар-наурыз айлары аралығында өтеді. Балалары есепке тұру үшін медициналық тексеруден өтпеген ата-аналар тұрғылықты жері бойынша қорғаныс істері жөніндегі басқармаға немесе бөлімге жүгінуі қажет.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі