Түркістан

12 отбасы Сарыағаштан көшуге ниет білдірді

Түркістан облысына Павлодар өңірінен арнайы делегация келді. Олар облыстың аудан, қалаларын аралап, көші-қонды насихаттауда. Делегация “Nur Otan” партиясы Сарыағаш аудандық филиалы мен аудандық жұмыспен қамту орталығының бірлескен арнайы кестесіне сәйкес тұрғындармен кездесу өткізді.

“Еңбек” бағдарламасы аясында еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға байланысты халқы тығыз орналасқан ауданнан Солтүстік өңірлерге халықты ерікті түрде көшіру мақсатын көздеген павлодарлықтар Құркелес және Тегісшіл ауылдық округтерінің мәдениет үйлерінде тұрғындармен жүздесті.

Жиында Павлодар облысының Баянауыл және Успен ауданынан келген өкілдер өздері дайындап келген бейнероликтерін көрсетті. Мінберге шығып сөз сөйлеген павлодарлықтар нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көшуге субсидия төлеу, бағдарламаның қатысушысының (қоныс аударғандар) отбасына ай сайын тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығындарды өтеу, жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу сияқты маңызды мәселелерге кеңінен тоқталды.

Жиынға қатысушы тұрғындардан түскен сұрақтар мен ұсыныстарға жауаптар берді. Сонымен қатар жиын соңында қоғамдық қабылдау өткізілді. Бүгінгі өткізілген екі жиынға 205 азамат қатысты. Көшуге ниет білдіріп жазылғандардың саны — 12 отбасы.

Солтүстік өңіріне өз еркімен қоныстандыру бүгін бітетін жоба емес. Көші-қонды үнемі халыққа түсіндіріп, ынталандырған жөн.

Басқа жаңалықтар

Back to top button