Бүгін бір топ белгілі журналистер мен саясаттанушылар құрған «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы алдағы сайлау процесін бақылайтынын айтып, ресми мәлімдеме жасады. «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының құрамында саясаттанушы Дос Көшім, журналист Ермұрат Бапи, жазушы әрі қоғам қайраткері Бекнұр Кисиков, саясаттанушы, баспагер Бақытжан Бұқарбай, саясаттанушы Нұрболат Нышанбай, журналист Нұргелді Әбдіғани бар.
Топ алдағы сайлау науқанын бақылайтынын мәлімдей отырып, ресми үндеуін жариялады. Тәуелсіз бақылаушылар сайлауда бақылаушылар мен тілшілер қауымының жұмысына кедергілер жасалмауын, дауыс берушілердің құқығы толық қорғалуын, партиялар арасындағы бәсекелестіктің әділ әрі тең деңгейде өтуін талап етті.
«Біздің миссиямыз қандай да бір саяси партияны немесе кандидатты қолдау емес. Біздің міндетіміз – әрбір дауыстың заңға сәйкес саналуына, сайлаудың ашық та әділ өтуіне және сайлау процесіне қатысушылардың барлығы тең жағдайда болуына ықпал ету», - дейді топ мүшелері.
Қазіргі уақытта «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы дауыс беру күні сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін тәуелсіз бақылаушыларды іріктеуге және оқытуға кірісіп кетті.
Нұрболат Нышанбаев, "Халық үні" тәуелсіз бақылаушылар тобының жетекшісі, саясаттанушы:
Кәсіби саясаттанушы ретінде елімізде болып жатқан саяси үдерістерді жіті бақылап, ғылыми әрі практикалық тұрғыдан зерделеу мен үшін әрқашан өте маңызды. Соңғы үш жылда пікірлес әріптестерімізбен бірге еліміздегі бірқатар маңызды саяси науқандарға белсенді қатысып келеміз.
Өзім «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында шетелдің бірнеше жетекші жоғары оқу орнында білім алдым. Оқу барысында Батыс елдеріндегі сайлау мәдениетімен, азаматтық қоғам институттарының қызметімен және демократиялық саяси процестердің ұйымдастырылу тәжірибесімен танысуға мүмкіндік болды. Бұл тәжірибе еліміздегі саяси үдерістерге кәсіби тұрғыдан қарауыма және қоғамдық бақылаудың маңызын тереңірек түсінуіме ықпал етті.
2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық конституциялық референдум кезінде біз «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобын құрдық. Сол науқанда ұйымымыздың бақылаушылары Қазақстанның бірнеше қаласындағы жүздеген сайлау учаскесінде жұмыс істеп, дауыс беру процесінің ашықтығы мен заң талаптарына сай өтуіне қоғамдық бақылау жүргізді. Кейіннен Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауында да бақылаушылық қызмет атқардық. Соңғы реті, 2026 ж 15 наурызда конституциялық референдум да бақылау жасадық.
Жалпы, демократиялық институттардың орнығуы үшін тәуелсіз қоғамдық бақылау мәдениетінің қалыптасуы аса маңызды деп есептеймін. Осы бағытта кәсіби маман әрі азамат ретінде өз үлесімізді қосып келеміз.
Әрине, мұндай ауқымды жұмысты бір адамның атқаруы мүмкін емес. «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобының құрамында қоғам қайраткері Дос Көшім, қоғам белсендісі Бекнұр Кисиков, белгілі журналист Нұргелді Әбдіғани және азаматтық қоғамның басқа да белсенді өкілдері бар. Барлығымызды біріктіретін ортақ мақсат, еліміздегі сайлау процестерінің ашықтығы мен әділдігіне қоғамдық бақылау жасау.
Ендігі кезекте, 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына да «Халық үні» тәуелсіз бақылаушылар тобы белсенді қатысуды жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз, сайлау процесінің демократиялық қағидаттарға, заң талаптарына және халықаралық стандарттарға сай өтуіне қоғамдық бақылау жасап, азаматтық жауапкершілігіміз бен кәсіби тәжірибеміз арқылы еліміздегі демократиялық институттардың нығаюына өз үлесімізді қосу.