Сарапшы пікірі

Арабтарға түсініксіз араб тілі

Сонау 611 жылы Араб түбегінде өмір сүрген халық араб тілінде сөйледі.

Бұл мақалада қозғалатын басты тақырып – тарихы семит тілдері тобына тиесілі, кейіннен грек, латын тілдерімен иықтаса келіп, экспансия тіліне айналған, сондай-ақ барша мұсылман қауымы құдіретті кітап санайтын Құран Кәрім тілі атанып, сонау бәдәуиндер заманынан қазірге дейін классикалық тілі айтарлықтай өзгермеген және Құран тілі болғандықтан, болашақта өзгеруі қиынға соғатын араб тілі туралы. Бүгінде араб тілі классикалық жазба тілі бар арабтілді елдерге ортақ, дегенмен, ауызекі сөйлеу тілінің әртүрлігі сонша қатарлық араб пен мысырлық арабтың бір-бірін түсінуі әлдеқайда күрделі келетін кең таралған әрі реформаға мұқтаж тіл.

Сонау 611 жылы Араб түбегінде өмір сүрген халық араб тілінде сөйледі. Араб тілі ислам діні таралғанға дейін көшпелі және отырықшы халықтың тілі атанды. Кез келген тілдің даму сипатына қарайтын болсақ, ерте замандарда егін егу не мал шаруашылығының жетілуі немесе адамдардың көші-қонының нәтижесінде тілдер таралу және өркендеу жолына түсіп отырған. Швед лингвисі, ғалым Торе Янсонның зерттеулеріне сүйенсек, араб тілі иврит, финикий және өзге тілдермен бірге семит тобына кіреді [1]. Және арабтар әлі күнге дейін финикий тілінен дамып шыққан алфавитте жазады. Ал жоғарыда аталған иврит тілі  израильдіктердің ана тілі. Бірақ бүгінде араб тілінде сөйлейтін мемлекеттердің кейбірі сол замандарда арабша сөйледі деген сөз емес. Мәселен, Мысыр египет немесе бертін келе қойылған атауына сәйкес копт тілінде сөйлеген. Копт шіркеу тілі болатын. Мысырлықтардың биік өркениет жасағаны да белгілі. Бірақ копт тілі арабтар Мысыр аймағына өз тілдерін ресми енгізе бастауының салдарынан жоғалып кетті. Сондай-ақ, Араб түбегінде ислам дінінің пайда болуы араб тілінің аясын кеңейтуге сеп болды. Діннен өзге олардың күшпен жаулап алу саясаты да мемлекет аумағының кеңейіп, тілдің үстемдік құруына ықпал етті. Тек бұл ғана емес. Арабтілді мұсылмандардың басым көбі әлемнің түкпір-түкпіріне қоныс аудара бастады. Мәселен, бұрынғы Месопотамияға көшіп баруының нәтижесінде ол жердегі халықтардың басым көбі парсы тілінен араб тіліне ауысты.

Әсіресе, арабтардың VII ғасырға дейін ірі империя саналған Парсыны басып алуы  өздері үшін айтарлықтай тарихи жеңіс саналды. Сонымен қатар қазіргі Мысыр, Сирия, Палестина аумағын да аннексиялаудың нәтижесінде олар жер шарының басым бөлігіне үстемдік құруға кірісті. Алайда Араб халифатының басып алынған әр аймақты бақылауда ұстайтын билігі болмағандықтан, бар саяси процесс тек оңынан жүрді деуге негіз жоқ. Қазіргі жағдаймен салыстырар болсақ, араб тілінің барша Араб түбегіндегі халыққа ортақ сөйлеу тілінің болмауына олардың бір орталыққа бағынатын ортақ билік жүйесінің жоқтығы ықпал етіп отыр. Бір ескерерлігі, арабтар Парсы империясының орталығы Иранға басып кіргенде араб тілі Ирактағыдай кең тарап кете алмады. Бұл туралы Т.Янсон «Ол жақта (Иранда) қалалықтар да, ауыл тұрғындары да жақсы жетілген, прогрессивті мәдениет туындатқан парсы тілінде сөйлейтін», — деп жазады. Ғалымның сөзінше кейіннен араб тілі кей аудандарға таралып, басымдық танытқан. Ал ежелгі парсы тілінің жазба тілі қолданыстан шығып қалады. Бірақ меніңше араб тілінің едәуір уақыттан кейін Иранда ықпалды болуына арабтардың көші-қоны мен билігі ғана әсер еткен жоқ. Бұған шиизм ағымының тигізген ықпалы зор болды. Шығыстанушы Евгений Бертельс парсы мәдениеті туралы қалам тербеген ғылыми жазбасын Мұхаммед  пайғамбар өмірден өткен соң, қауымға басшылық жасауға оның қайынатасы Әбу Бәкір тағайындалды деп бастайды [2]. Әбу Бәкір өмірден өтерінде билікті пайғамбардың екінші қайынатасы Омарға табыстайды. Омар қауымды ұзақ басқара алмады, кісі қолынан қаза тапқаннан кейін таңдау пайғамбардың күйеубалалары Осман мен Әлиге түсті. Бұл таңдауда Осман жеңіске жетті, бірақ бұл қауымның арасында қияң-кескі қақтығысқа соқтырып, Осман көз жұмып, билік тізгіні Әлидің қолына тиді. Алайда Әлидің билікке келуі тұтас бір қауымды басқарудың оңай іс еместігін дәлелдеді. Әли  Османды өлтіріп халиф атанды деген қағиданы ұстанғандар бүлік шығарып, салдарынан Осман үшін кек алуға бел шеше кіріскендердің әрекетінен халиф қаза табады. Атап өтерлігі, мұндай азаматтық бүлікті Умайи Ибн, Абд Шамс руынан шыққан Му авийа өз пайдасына шешіп, азаматтық қақтығыстың отын тұтатып жіберді. Бұл қақтығыс тек Әли халифтің өлімімен ғана тәмамдалмай, мұсылмандар қауымы екіге бөлініп кетті. Му авийаның ұстанымы Бертельстің сөзінше ұлтшылдық сипатта еді. Оған  дін жолынан қарағанда арабтардың ұлтшылдық сезімін қайрау тән. Арабтарға  сол заманда тізе бүккен парсылар өз ұлтының бірізділігін сақтап қалу мақсатында әрі Омеядтардың ұлтшылдығынан сескеніп, шиитерге қарай ығысты. Осылайша ұлтының арабтардың ұлтшылдық идеясына жұтылып кетуін қаламаған парсылар шиизм ағымын сіңіріп, ұзақ ғасырлардан соң бұл ағым ирандықтардың мемлекеттік діні болып жарияланды. Дегенмен, лингвист Т. Янсон Х ғасырда парсылардың араб тілінің жазуын қолданғандарын айтады, солай бола тұра парсы тілі өзінің бекіген бұрынғы  мәртебесінен аса ажырай қоймады. Ал араб тілі мұнда  ресми тіл деңгейіне орнықпады. Кейде саяси процестердің өзі тілге үстемдік ете алмайды.

Бұрынғы Батыс Рим империясының да жерін басып алған арабтардың басқыншылығы мен жеңісі ұзаққа созылған жоқ. Тарихи деректерге сүйенсек, ХІІ ғасырда ислам дінін ұстанған мемлекеттер саясатта тоқырауға тап болады. Салдарынан астанасы Бағдат қаласы саналатын халифаттың орталық билігі жойылып кетіп,  жан-жақтан шабуылдар басталды. Т.Янсонның жазбаларында мұсылман дінін қабылдаған түріктердің шығыстан келіп, Таяу Шығыстың басым бөлігін жаулап алғаны жазылады. Ал ХІІІ ғасырда солтүстік-шығыстан моңғолдар соққы жасайды, бірақ түріктер моңғолдарды жеңіп, ХІІІ ғасырдың соңында тарих сахнасына  Осман империясы табан тіреді. Империя халқы түрік тілінде сөйледі, ал арабтар империя ыдырағанға дейін оған тәуелді болды. Араб тілі осы уақытта өзінің беделінен айрыла бастаған еді, бірақ бұл тарихи оқиға араб тілінің сағын айтарлықтай сындыра алған жоқ. Араб тілінің бірнеше диалектілерге бөлініп, әлі күнге дейін ортақ сөйлеу тілінің қалыптаспай келе жатуына ХVII ғасырда еуропалық мемлекеттердің Осман империясына жасаған шабуылы ықпал етті. Бірінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан Осман империясы құлаған соң, Еуропадағы мемлекеттер өздерінің саяси мақсаттарына сәйкес арабтілді мемлекеттерді отарлайды. Мысалы, Марокко мен Тунисті Франция жаулап алды, ал Мысыр Британияның қарамағына өтіп кетті. Алжирдің де тағдыры осындай. Қазір аталған мемлекеттер өз тәуелсіздігіне қол жеткізген. Осы орайда шығыстанушы ғалым Есен Айтмағанбетовтің бұл мәселеге қатысты пікірін білген едім. Оның сөзінше бұл отарлық пиғылдағы еуропалық мемлекеттер жаулап алған елдерде араб тілінің дамуына, оның білім берудің көзіне айналуына мүдделі болмады. Себебі көзі ашық халықты басқару тиімсіз болатын. Арабтілді мемлекеттерге тұтастай бір ғана Еуропа елі үстемдік етпеді, олардың әрқайсы әртүрлі мемлекеттің отарына айналды. Сәйкесінше, отар елдерде түрлі сөйлеу диалектісі қалыптасты. Мәселен, Мароккодағы арабтар француз тілінің диалектісімен сөйлейді. Басқа аймақтардың өзіне тән қалыптасқан тіл диалектісі бар. Бүгінде тек бұқаралық ақпарат құралдары мен ресми органдар ғана араб тілінің классикалық үлгісінде хабар таратады. Яғни классикалық араб тілі барша Араб түбегінде ресми тіл саналады. Есен Айтмағанбетовтың сөзінше, телеарнадан берілетін ақпараттарды кез келген араб түсініп, қорыта алады. Бірақ аталған ақпараттарды өз елдерінде тек диалектіге құрылған ауызекі сөйлеу нұсқасында жеткізеді. Арабтардың негізгі ресми «сөйлеу тілі» және жазба тілі классикалық яғни Құран тіліне лайықталғанын айттық. Арабтілді мемлекеттердің арасында VII ғасырдан бері қалыптасқан классикалық араб тілін құрметтеуге қатысты өзара келісім де бар. Мәселе — мектепке барған оқушылар араб тілінің ресми жазба тіліндегі нұсқасымен білім алады, бірақ ауызекі сөйлеу тілінде әркім өз аймағының диалектісін қолданады. Т.Янсон бұл жағдайда «оқу мен жазуды үйрету өзге тілді үйреткенмен бірдей болып тұр. Бұл – білім беру ісіндегі үлкен қиындық; оқушылардың жақсы жазуды үйрене алмай қоюының да себебі — осында», — деп түйіндейді. Бірақ жоғары билік тілге реформа жасауға құлық танытпайды. Себебі Құран тілін өзгерту – мүмкін емес. Бұған дін өкілдері де қарсылық танытары анық. Алайда диалектілер арабтілділердің өзара қарым-қатынасында ыңғайсыздық тудырып, тек классикалық тілді қолданғанда ғана бір-бірін ұғынатын деңгейде тұр. Әрі бар араб мемлекеті құлақ асатын бір жоғары өкілетті орталық билік болмағандықтан, тіл реформасын әр мемлекет өзінше жасай алмайды. Мәселен, Мысырда барша араб әлеміне ортақ жалғыз араб тілі академиясы бар. Шығыстанушы ғалым Е.Айтмағанбетов аталған академия қазіргі заман талабына сай пайда болған жаңа сөздерді (терминдерді) араб тіліне лайықтайды дейді. Бірақ бұл академияны елеп жатқан араб мемлекеттері кемде-кем. Жаңа терминдерді басым көбі ағылшын тіліндегі қалпында айта береді. Дәл солай классикалық араб тілі тұрмыстық емес, тек ресми тіл. Ғайыптан тайып, Құран тілі өзгере ме деген сұраққа маман «мүмкін емес» деп жауап қайырды: «Құран тілі он төрт ғасырдан бері қалыптасқан  стилистика мен грамматикаға ие. Құранның оқылуы ешқашан өзгермейді. Бұған реформа жасалады деу негізсіз».

Айталық, Қытай экспансияға бейім өркениет жасауға талпынған мемлекет. Қытай тілінің экспансиясы оның өркениетімен тікелей байланысты. Қытай тілінде сөйлейтін адамдардың көптігі де олардың тілдерінің тек өз жерлерінде ғана емес, өзге аймақтарда таралуына да ықпал етті немесе Қытайға басып кірген халықтардың басым көбі билікті өз қолында ұстап тұрғанымен, мәдени экспансияның нәтижесінде уақыт өте келе қытайға жұтылып, ұлттық бірізділігінен ажырап қалды. Мәселен, IV ғасырда ғұндар  Солтүстік Қытайға шабуыл жасады, кейіннен табғаштар басып кірді, қидандар да дәл солай [3]. Табғаштар ғасырдан астам уақыт бойы Солтүстік Қытайға билік жүргізген. Қидандар екі ғасыр бойы Қытайда үстемдік етті. Десе де уақыт өте келе Қытайға басып кіріп, билік етіп, артынша осында тұрақтап қалған бұл халықтар Қытайға сіңіп, өздерінің ана тілдері мен ұлттық болмысынан қол үзді. Бұл экспансия ұзақ уақыт бойы жалғасты.  Сонымен қатар Қытай өзі орналасқан аймағында алғашқы жазу тілі болған мемлекет, сәйкесінше бұл тілде өркениет жасау процесі жүрді. Білім іздегендердің көбі Қытайға табан тірейтін. Бұл өз кезегінде қытай тілінің және мәдениетінің таралуына түрткі болып, көршілес корей, жапон тілдерінің де алфавитінің түзілуіне қытай иероглифтері әсер етті. Кейіннен жапондар мен корейлер қытай иероглифтері мен архитектурасын әрі дінін өз ұлттық болмысына сай бейімдеп, Қытай экспансиясының алдын алды. Алайда қытай тілінде де дәл араб тіліндегідей әр аймақтың тек өзі түсінетін диалектілері болды әлі де бар (бұл диалектілерді қазақ тіліндегі әр аймаққа тән тұрмыстық сөздермен баламалауға келмейді). Кейіннен Қытай билігі өз халқына ортақ сөйлеу тілі қажеттігін алға тартып, қысқа ғана уақыттың ішінде ресми тілге реформа жасайды. Бүгінде Қытайда бұл ресми тілді бұқараның басым көбі қолданады, бірақ диалектілер толығымен жойылған жоқ.

Тарихта өзге мемлекеттерге шабуыл жасап, оларды жаулап алудан қарағанда тіл немесе мәдениет арқылы экспансия жасау процесінің мейлінше сәтті шыққандығына біраз дәлел келтіруге болады. Мәселен, арабтар ерте ғасырларда күш алып, жан-жаққа шабуыл жасап, тіпті ежелгі Рим империясының аумағына дейін жетті. Бірақ уақыт өте келе жоғарыда аталғандай бұл аумақтардың жаңа иелері пайда болды, ал арабтар өзгелерге басыбайлы болып қалды. Араб түбегінде ислам дінінің пайда болуы олардың экспансия жасауында қарулы қақтығыстардан қарағанда әлдеқайда ұтымды шықты. Ислам діні араб миссионерлері арқылы әлемнің түкпір-түкпіріне тарап, жергілікті халықтардың өмір салтына деңдеп енді. Ислам дінінің таралуы түркі халықтарына да басым ықпал етті. Медреселердің салынуы, ислам әлеміндегі ғылымның дамуы, шығармалардың араб тілінде жазылуы, халықтың өмір салты мен тұрмыс-тіршілігіндегі өзгерістер тілдік экспансияның нәтижесінде пайда болды. Бірақ түркі халықтарының сөйлеу және жазба тіліне араб тілді терминдердің және араб жазуының енуі, дін ұстанымдары әсер еткенмен, оларды ұлттық сипатта басыбайлы ету мүмкін болмады. Осы орайда ислам дінін қабылдаған түріктерде діни билік салтанат құрды. Алайда уақыт өте келе «ұлтшылдық» идеясының Батыстан қанаттануы Енвер паша басқарған Осман империясы тұсындағы түріктерде жаңа көзқарастың пайда болуына алып келді. Британ археологы, жиһанкез әрі дипломат Лоуренс Аравийский [4] өзінің «Шығыстағы өзгерістер» атты мақаласында Түркияда Енвер паша тұсында (1910 жылдары) бас көтерген «ұлтшылдық» Осман империясының қол астындағы бірқатар ұлтқа деген экспансиялық көзқарасты тудырғанын тілге тиек етеді. Оның  сөзінше «ұлтшылдыққа» берілген кей түріктер «Түріктің есегі жат бауыр пайғамбардан жақсы» деген мақалды алға тартып, ұлтшылдық исламнан биік тұруы тиіс деген ұстанымды ту еткен. Мұны кей деректер пантүркішілдіктің негізгі ұстанымы деп көрсетеді. Осы себепті қол астындағы арабтарға түрік тілін үйренуді міндет етіп, олардан «нағыз османдарды» жасап шығаруды көздейді. Тек арабтарды ғана емес, 1910 жылы Енвер паша бастаған билік Осман империясы өз аумағына түркітілдес халықтың барлығын біріктіруі керек деген идеяны ұстанған және араб тілінен енген сөздерді француз тілмен алмастырған. Міне, тарихи жазбалардан байқағанымыздай, тілдің экспансиясы, саяси үрдістердің басым көбі ұлтшылдық идеясынан туады. Жоғарыда аталған парсылардың арабтардың ұлтшылдығына жұтылып кетпеу үшін шиизм ағымына өтуі де бұған мысал. Алайда парсылардың бұл ұмтылысы олардың сенімін қаншалықты ақтағанын дөп басып айту қиын.

Қазіргі араб тілінің ауызекі нұсқасына реформа жасалуы саяси процестердің жүруімен тікелей байланысты. Бұған діннің ықпалы басым екенін атап өткен жөн. Сонымен қатар жаңа араб тілін жасау керектігі туралы айтып жүрген араб ғалымдары да бар, бірақ олар аз. Ал тіл жасау процесіне тікелей ықпал ететін (барша әлемде) жазушылар мен ғалымдардың басым көбі  классикалық араб тілінде жазады. Енді араб тілінің қолданылуы екі түрлі сипатта болғаны үшін бұл сауатсыздықтың дендеуінің себебі бола ала ма деген заңды сауал туындайды. Жауаптар әрқалай. Шығыстанушы Е.Айтмағанбетов бұған бірінші кезекте еуропалық мемлекеттердің экспансиясы және тілдің дамуына мүдделі болмағандары себеп десе, лингвист ғалым Т.Янсон араб тілі реформаға мұқтаж деген пікірде. Араб тілі бір тіл ме, әлде бірнеше тіл ме? Әлбетте, бір тіл. «Себебі арабтардың өзі бір тілде сөйлейміз деп есептейді». Яғни тілдің тағдырын сөйлеушілер шешеді. Ал оның атауы оның барының дәлелі. Десе де тілден төнетін қауіп те жоқ емес. Ол – тілдің экспансиясы. Қай тілдің сөйлеушілерінің саны басым, қай тілде мәдениет пен өркениет жасалады, қазіргі заманға сайып келгенде қай тіл технология құралына айналса, сол тіл қолданыста және оның ауқымы адам қажеттігіне сай кеңейе бермек. Демек, қазақ тілінде философия, қазақ тілінде мәдениет пен өркениет сәйкесінше технология жасау маңызды. Мақсат өзгелерді жаулап алу емес, ауқымын кеңейтіп жатқан тілдерге жұтылып, аймақаралық диалектілерге бөлініп кетпеу. Адамның ана тілі – оның априориі, ал өзге тілдерді меңгеруге деген ұмтылысы мансап пен қажеттіліктен, қызығушылықтан туындайды. Тілге табиғи сипат берген жөн. Талай ғасырлардан бері тіл экспансиясы әртүрлі мемлекеттердің тағдырына ықпал етті. Оны жоғарыда атап өттім. Тілдің атауының бары, оның қолданыста болуы және қолданыс аясының кеңеюі өміршеңдігін арттыра түседі. Егер бір мемлекет аумағында екі тіл қатар қолданылса, бір тіл екіншісіне жұтылып кетеді. Бұл заңдылық. Ал қай тілдің жұтылып, қай тілдің көш ілгері шығатынын сөйлеуші шешеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  • «Тіл тарихы. Кіріспе», Оксфорд лингвистика оқулықтары, авторы – Торе Янсон, 91 бет
  • «Мәдениет және ориентализм», «Жазушы» баспасы 2006 жыл, «Иран әдебиеті мен мәдениетінің тарихы», Евгений Бертельс, 235 бет
  • «Қытай тілі – ежелден аман жеткен тіл», Торе Янсон, «Тіл тарихы.Кіріспе», 65 бет
  • «Перемены на Востоке», Томас Лоуренс Аравийский, «Инностранная литература», №3, 1999
  • Есен Айтмағанбетов, шығыстанушы, араб тілі маманы. Сұхбаттасқан – Сафина Ақтай.

Сафина Ақтай

Сафина Ақтай – Жазушы, журналист. Тақырыбы - әдебиет пен философия

Басқа жаңалықтар

bahsegel

Back to top button
Close