Қазақстанның Жаңа Конституциясы – қоғамның топтастырушы әлеуеті

Бүгін Алматы қаласында «Қазақстанның Жаңа Конституциясы – қоғамның топтастырушы әлеуеті» тақырыбында сарапшылық талқылау өтті. Іс-шараны ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты (ФСДИ) ұйымдастырды,– деп хабарлайды saraptime.kz
Жиынға кім қатысты?
Жиынға Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты сарапшылары, сондай-ақ Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкерлері қатысты.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Луиза Узарова өз сөзінде:
«Жаңа Конституция жобасы тең құқықтар қағидатын және Қазақстанның сан алуандылығына құрметті нығайтады. Ол қоғамдық келісімді әділдікке, диалогқа және өзара мойындауға негізделген жүйе арқылы қалыптастырады», – деп атап өтті.
Сарапшының пікірінше, Конституция жобасы қоғамдық қатынастарды дамытудың жаңа кезеңін көрсетеді және қазақстандық қоғамды топтастырудың жинақталған тәжірибесін ескере отырып, елдегі бейбітшілік пен келісімді одан әрі нығайтуға бағытталған.
Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Наталья Сейтахметова жаңа Конституция жобасының баптарында зайырлылық қағидаттарын бекітудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Ол бұл қағидаларды «smart-зайырлылық» деп сипаттап, оның ар-ождан бостандығы, диалог мәдениеті және толеранттылық қағидаттары сияқты азаматтық татулық құндылықтарын нығайтатынын айтты. Мұндай құндылықтық негіз жаңа онтологиялық шынайылық жағдайында көзқарастар алуандығын сақтай отырып, қоғам бірлігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сарапшылар жаңа Конституция жобасына оң баға беріп, оның қазақстандық қоғамдағы келісімді нығайтуға бағытталған сындарлы әлеуетін атап өтті.



