Қарыз ораза болса не істемек керек: имам жауап берді
Қасиетті Рамазан айына санаулы күндер қалды. “Дайындықты қалай бастаймыз?”, “Қарыз ораза болса, ауыз бекітуге бола ма?” сынды сауалдарға жауап алу мақсатында saraptime.kz сайтының тілшісі Шымкент қаласы бас имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміровтен сұхбат алды,- деп хабарлайды saraptime.kz
– Қасиетті Рамазан айына қалай дайындалу керек?
– Өзім Рамазанға дайындық дегенде мына бағыттарды алға қояр едім. Рамазан — тек аш жүру емес, Аллаға жақындау айы. «Бұл айды өзгеше өткізем» деп іштен бекіну.
Құлшылық жоспары
• Құран оқуды көбейту (күн сайын кемі 1 пара)
• Уақытылы намаз, сүннеттерге мән беру
• Тарауихқа дайын болу.
Тілді, мінезді тәрбиелеу
• Артық сөз, өсек, ашуға ерік бермеуге алдын ала өзіңді үйрету. Рамазанда тіл де ораза ұстайды ғой.
Қарыз, реніш мәселесі
• Кіммен араз болсаң, татуласуға қадам жасау. Бұл ай — кешірім айы.
Дене дайындығы
Тамақты азайтып, режимді реттеу. Сонда алғашқы күндері ауыр болмайды.
Садақа мен жақсылыққа ниет Рамазанда біреуге пайда тигізуді әдетке айналдыру.
– Егер өткен жылы қарыз оразалары бар мұсылмандар қарызын өтеместен биыл ораза ұстағаны қаншалықты дұрыс?
– Өткен жылдан қарызы бар мұсылмандар болса, келесі ораза келсе бастай береді. Бірақ мүмкіндігінше өткен жылғы қарыз оразаларды ұстап бітірген абзал. Егер түрлі себептермен өтей алмай қалып, келесі оразаны ұстап, бітірген соң ниет етіп, қарыз оразалды ұстаған жөн.
Рамазанда қай амал ең сауапты?
– Рамазан айында барлық жақсы амалдар сауапты деп есептелінеді. Соның ішінде ең біріншісі- ораза ұстау. Екішісі- Жаратқанға мадақ, пайғамбарға салауат айту. Күндізгі уақытта қайырымдылық жасауда дұрыс амалдардың бірі. Кешкі уақытта аузы берік кісілерге 1 құрма беріп, ауыз ашуына себеп болудың сауабы үлкен. Сонымен қатар тарауих намазы. Тарауих деген сөз демалу дегенді білдіреді. Яғни ауыз бекіткен мұсылмандар құптан намазы кезінде тарауих намазын оқиды. Тарауих намазы 20 рәкәғәт болып есептелінеді. Жалпы Рамазан айы нәпсіні тәрбиелейтін ай. Мұсылман жақсы сөз айтып, жақсылыққа бет алып,жақсы өнерді үйренетін қасиетті ай,- деп аяқтады имам.



