Сарапшы пікірі

ҚЫТАЙ САЯСАТЫНДА ЕКІ КЕСЕ ШАЙ: Си Цзиньпин ешқайда асықпайды

Қытай тілінде “人走茶凉” деген тұрақты сөз тіркесі бар. 

“Кісі кетсе, шайы суыйды” деген сөз. 

“Бақ тайса басыңнан…” деген мағынада айтылады.

5 наурызда Бүкілқытайлық халықтық конгресс сессиясының ашылу рәсімінде ҚХР төрағасы Си Цзинпиньнің алдында бір емес, екі кесе шай тұрғаны көзге түсті. 

Қытай коммунистік партиясы саяси бюросының жеті мүшесінің алтауының алдында әдеттегідей бір кесе шай тұрса, тек Си Цзинпиньнің алдында ғана осы жолы екі кесе шай тұрды.

Неге бір кесе емес, неге екі кесе?

Саралап көрейік.

Си Цзиньпин 2012 жылдың күзінде Қытай компартиясының бас хатшысы болып, 2013 жылдың көктемінде ҚХР төрағасы болып сайланды.

Содан бері елдегі саяси билікті өз қолына шоғырландырып, Қытайдың ғана емес, әлем саясатына ықпалы тұрғысынан дүниедегі ең мықты саясаткерге айналды. 

Си Цзиньпин билікке келген соң Қытай компартиясы саяси бюросының мүшелерін тоғыз адамнан, жеті адамға қысқартты.

Қатардан шығып қалған екі адам кім дейсіз ғой?

Ол екеуі ҚХР-дың Си Цзиньпинге дейінгі екі төрағасы Цзян Цзэминь мен Ху Цзиньтаоның адамдары еді. Ол екеуі биліктен кетсе де, өз адамдары арқылы үлкен саясатқа ықпал етіп отырған еді, Си Цзиньпин оларды саясатқа араластырмаудың жолын осылай тапты. Халыққа “бастықтардың аз болғаны бірімізге жақсы, ұлы елдің ұлы келешегі үшін қабылданған ұлағатты шешім” деп түсіндірді.

Бұрынғы төрағалар мен олардың адамдары болса үлкен саясатқа араласудан оңайлықпен бас тарта қойсын ба, әсте олай емес.

Сондықтан соларды меңзеген  компартияның “Жэньминь Жибао” газеті 2015 жылдың бір номерінде “人走茶凉” дегенді білген дұрыс қой, ойланайық” деген мағынада мақала жариялап, кеткен кісілердің шайы суып қалғанын еске салды. Кімнің рұқсатымен, кімге қарсы жазылған мақала екенін айтып жату артық болар.

Ал енді қазіргі төраға Си Цзиньпин билікте қай жылға дейін отырады дейсіз ғой?

Негізі, 2022 жылға дейін еді. “Еді” дейтінім, ол кісі ешқайда асықпайтын сияқты.

Өткен жылы елдің экономикасын дамытудың 2035 жылға дейінгі жоспарын жариялаған кезде-ақ көп нәрсені ұғып едік, енді биыл қабылданған компартияның бесжылдық жоспарында алғаш рет ел

экономикасының бесжылдық және әржылдық орташа даму көрсеткіші жарияланбады. 

Оның орнына алдында 142 беттен тұратын 2035 жылға дейінгі үлкен жоспар қабылданып қойған. Бұл жоспар бойынша 2035 жылы Қытайдың адам басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемі екі есеге дейін өсу керек. Ал ол үшін ол жылға дейін ел экономикасы жыл сайын жоқ дегенде 5% өсіп отыруы тиіс. Олай болса, 2025 жылға дейінгі өсім көлемін нақты көрсетпей-ақ қоюға болады. Оның үстіне, 2025 жылы ол көрсеткіш ойлағандай болмай қалса, онда одан кейін әлі он жыл билікте отырғысы келетін адамға артық сұрақтар қойылып кетуі мүмкін. 

Ал Си Цзиньпин артық сұрақты, артық сөзді ұнатпайды.

Міне, көп сөздің орнына алдына бір емес, екі кесе шай құйғызып, бетін қақпақпен жауып қойып, “Менің шайым суымайды” дегенді меңзеді. “Екі шайым да суымайды” дегенді ымдау арқылы билектен кетпейтінін, жоқ дегенде әлі екі мерзім орнында қалатынын білдірді.

Қытай елі басшысының Шығыстың философиялық салтына салып “сөйлегенін” сөзсіз ұқтық…

 

Батырхан Құрмансейіт, шығыстанушы,

Халықаралық сала бойынша PhD докторы

Басқа жаңалықтар

Back to top button