Сарапшы пікірі

Шексіз мәліметтер қорын енгізуге қабілетті Халықаралық Түркі Академиясының порталы

Түрк әлемінің аса бай рухани мұрасын қамтып, ғылыми-біліми ақпараттық ресурстарының біртұтас қорын жасау мақсатында Халықаралық Түркі академиясы «Аталар мирасы: мультимедиялық қор» порталын ашты. Қор порталына http://atalarmirasi.org/ сілтемесі арқылы өтуге болады. 

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2015 жылдың 11 қыркүйегінде өз бастамасымен құрылған Түркі кеңесінің саммитінде «Түркі Академиясының, Мәдени мұра қорының құрылуы біздің жастарымызды жақындастыру, ортақ мұраны зерделеу үшін тарих пен тілді бірлесіп үйренуге деген ықыласымызды білдіреді…. Білім мен тәжірибе алмасу, түркологтарды бірлесе даярлау, түркі мұрасын зерделеуде Түркі  академиясының мүмкіндігі зор» деген еді. Сондай-ақ 2011 жылы ҚР Тұңғыш Президентінің бастамасымен құрылған Ақсақалдар кеңесі Түрк әлемінің ақпараттық-танымдық ортақ сайт порталын құру туралы ұсыныс айтты.

Халықаралық Түркі Академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі және аталған академия бүгінде «Аталар мирасы» атты портал құрды. «Аталар мирасы» мультимедиалық қоры әлемдегі түркі тілдес халықтардың, ұлыстардың, этникалық топтардың жазба, фольклорлық және басқа да рухани-материалдық мәдениетіне тікелей қатысты  аса бай мұраларына арналған. Бұған дейін түркі тілдес халықтардың рухани-мәдени және т.б ақпараттарын түрлі дереккөздерден түрлі сілтемелер және тарихи деректер негізінде табатын болсақ, «Аталар мирасы» порталы нақты, дәл деректер ұсынып, сондай-ақ ақпарларды бір дереккөзден яғни порталдың http://atalarmirasi.org/ ресми сайтынан табуға мүмкіндік береді. Әрі түрк әлемінің рухани мұраларын сериялық кітаптар етіп басу жұмысы да негізге алынған. Аталған бастама Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына да негізделген.

Порталдың артықшылығы мұнда Түрк әлемінің сонау ежелгі заманнан ұлттық дәуірге дейінгі мерзімдердегі (шамамен 3 мың жылдық тарихы мен мәдениетіне байланысты) аса бай алуан түрлі деректік нұсқалары туралы жалпы мәлімет соның ішінде ғылыми зерттеулер, түпнұсқалық транскрипциядағы мәтіндер, аудармалар мен фотосуреттер, ғылыми әдебиеттер, факсимилесі ұсынылуда. Қор қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілінде дайындалған. Ал түпнұсқалық мәтіндердің транскрипциясы түркі ортақ латын әліпбиі негізінде жасалды. Бүгінде портал қорына 300-ден астам жазба нұсқалары, ескерткіштері туралы мәліметтер енгізілген және оның тақырыптық құрылымына: 1) Түрк халықтарының жазу тарихы; 2) Ежелгі жазба мұралары; 3) Көне түрік бітік жазулары; 4) Халық қазынасы; 5) Ортақ жазба әдебиет нұсқалары; 6) Ұлттық әдебиет үлгілері; 7) Археологиялық ескерткіштер; 8) Этнографиялық жәдігерлер; 9) Газет, журналдар («Тержұман», «Алеми Нисван»); 10) Карталар; 11) Сөздіктер енеді.

Порталдың басты ерекшелігі – шексіз мәліметтер енгізе алады. Яғни тіпті бірнеше миллиондаған кітап қоры бар кітапханаларды да порталға енгізе алады. Атап өтерлігі «Мәдени мұра» стратегиялық бағдарламасы аясында 537 кітап басылып шыққан, кітаптар электронды сайтта тұр. Аталған бағдарлама бойынша Сейіт Қасқабасовтың жетекшілігімен жарық көрген «Бабалар сөзі» кітабының 100 томдығы бұл порталдың бір ғана бөлігін құрай алады. Деректерге сүйенсек, еліміздегі Ұлттық академиялық кітапхананың негізгі кітап қоры 1 млн 446 кітап сақтау бірлігі әрі электронды қор көшірмелерінде 37 395 кітап бар. Ал Германияның Ұлттық кітапханаларында 24 млн 100 мың кітап сақтаулы. Берлин Тұрпан зерттеулері орталығында 40 мың сирек қолжазба, кітап бар. АҚШ Конгрес кітапханасында 155 млн сақтау бірлік бар, 12 млн кітаптың электронды нұсқалары дайындалған.  «Аталар мирасы» порталына енгізілген материалдар ауқымы бүкіл Еуразия құрлығын қамтиды сондай-ақ шексіз мәліметтер қорын енгізуге қабілетті.

Бүгінде портал жұмысы Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлінің жетекшілігімен іске қосылды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button